Жуырда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Исатай аудандық бөлімшесінде құрылған «Мирас» өлкетанушылар клубының «Мұрасы мол мекен» атты кітабы жарық көрді. Осыған орай 27-ші қыркүйек күні Исатай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Мирас» клубының өлкетанушыларына аудан әкімі П.Хасанов аудан тарихын толықтыру, мәдени – рухани мұраларын жинақтау бағытында жұмыс істеп, мазмұнды да көлемді танымдық – ақпараттық жинақ үшін ризашылығын білдіре отыра барша өлкетанушыларды Исатай ауданының 95 жылдығына орай жарық көрген «Мұрасы мол мекен» атты танымдық - ақпараттық және тағылымдық кітаптың шығуымен құттықтады. Жиын барысында кітаптың жарық көруіне үлес қосқан бір топ өлкетанушылар марапатталды. Атап айтқанда: Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейі басшысының Алғыс хатымен Қ.Каюмова, А.Есекеш марапатталса, Исатай ауданы әкімінің Алғыс хаты Б.Мусин, М.Насиханов пен Исатай аудандық музей басшысы Г.Жұбановаға табыс етілді.Исатай аудандық мәслихаты төрағасының Алғыс хатына Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшының орынбасары Ф.Байдәулетов ие болса, өлкеміздің шежірешісі Сидеғали Нұрмановтың жүлдесімен өлкетанушы,тарихшы Ж.Бәбиқызы марапатталды. Сонымен қатар 28-ші қыркүйек күні Исатай ауданының 95 жылдығы және Аққыстау ауылының 50 жылдық мерей тойына орай өткен салтанатты жиында «Мұрасы мол мекен» кітабының тұсауы кесілді.
Кездесуде «Мұрасы мол мекен» кітабын құрастырушы, өлкетанушы М.Өтеғалиев сөз алып кітапты көпшілікке таныстырып өтті. Жиын барысында аудан әкімі П.Хасанов кітапты құрастырушы М.Өтеғалиевке және барша өлкетанушыларға барша аудан жұртшылығы атынан ризашылығын білдірді.