Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы күйші – сазгері Құрманғазы Сағырбайұлына арналған «ХІХ – ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Қазақ күй өнерінің ұлы тұлғасы – Құрманғазы Сағырбаевтың өмір дерегі мен шығармашылық мұраларының зерттелуі мен дәріптелуі, ХІХ–ХХ ғасырлардағы Батыс өңіріндегі тарихи-этнографиялық және археологиялық зерттеулер, әншілік – жыршылық дәстүр тарихының өзіндік маңызы мен сипатын кеңінен ашу мақсатында ұйымдастырылды. Конференция қонақтарының назарына Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінің қорынан «ХІХ – ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» тақырыбында көрме ұсынылып, көрмеге Ұлы күйшінің өмір –деректері мен шығармашылығына қатысты зерттеулер, ұрпақтарының фотосуреттері, жергілікті суретшілердің туындылары және танымал дүлдүл домбырашылар мен күйшілердің домбыралары қойылды.
Пленарлық мәжілісте жиынның алғашқы сөзін Атырау облысы әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев ашып, облыс әкімінің атынан ғылыми – практикалық конференцияның ашылуымен құттықтап, Құрманғазының отты жырлары ел есінде мәңгі сақталарын атап өтті.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы М.Кипиевтің модераторлығымен өткен мәжілісте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халидуллин Ғизатолла - «Құрманғазы Сағырбайұлының біз білмейтін тарихы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Сахарбаева Карима – «Қазақ күй өнерінің – ұлы тұлғасы», Филология ғылымдарының докторы, Айтматов академиясының академигі Ғарифолла Анес - «Құрманғазы» тұлғалық энциклопедиясының түзілу принциптері», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің профессоры Шамғонов Аманкелді - «Тарихшы, ғалым Мақсот Жолжанов – Құрманғазытанушы»,Әдебиеттанушы – ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж – Мұрат - «Құрманғазының «Алатау» және «Төремұрат» күйлерінің шығу тарихы: далалық – топономикалық зерттеме тәжірибесі»,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Жаулин Киікбай –«Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы Маңғыстау және Жем өңірлерінде», ҰҒА М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор Қазтуғанова Айнұр - «Құрманғазы шығармашылығын зерттеудегі жаңа ізденістер (мұрағаттық мұралар хақында)» тақырыптық баяндамалар жасады.
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, оқу орындарының профессор-оқытушылары, Құрманғазы бабамыздың ұрпақтары, БАҚ өкілдері қатынасты.