Профессор Муфтах Диарұлының туғанына 90 жыл толуына орай уақытша көрме өткізілді

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2023 жылдың 5 қыркүйек күні Атырау облысының және Атырау қаласының Құрметті азаматы, академик, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Муфтах Диарұлының туғанына 90 жыл толуына орай уақытша көрме өткізілді.

Профессор Муфтах Диаровтың білім беру саласында және ғылым жолындағы, өлкеміздің табиғатын қорғауға, сан алуан минералды ресурстарын игеру жолында атқарған көп жылдық өлшеусіз ерен еңбегін,  тағылымы мол, үлгі- өнегеге толы ұлағатты өмір жолын  жас буын өкілдеріне, көпшілікке кең көлемде насихаттау негізгі мақсат еді.

Көрмеге Муфтах Диаровтың «Атырау облысының Құрметті азаматы» куәлігі, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметі қызметкері» куәлігі, «Кен орындарын алғаш ашушы» дипломы, алғыс хаттары, Құрмет грамоталары, делегаттық мандат, авторлық куәліктері, баспасөз бетінде жарық көрген мақалалары, депутаттық куәліктері, кітаптары, ғылыми еңбектері, жеке тұтынған заттары, музей қорына тапсырған минералды тастар коллекциялары, қызмет барысындағы  фотосуреттері және тағы басқа жәдігерлері қойылды.

Көрмеге С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің проректоры Н.Ахметов және университет әріптестері Муфтах Диарұлының білім беру саласында және ғылым жолындағы атқарған көп жылдық өлшеусіз еңбегін, азаматтық келбетін, ғалымның тағылымы мол, үлгі- өнегеге толы ұлағатты өмір жолын айтып, естеліктерімен бөлісті. Шара соңында сөз алған Муфтах Диарұлының жұбайы Раиса Александровна және қызы Дина Муфтахқызы музей ұжымына ризашылықтарын білдіріп, музей қорына Муфтах Диаровтың «Өзім туралы бірер сөз» атты кітабын сыйға тартты.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru