Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 9 мамыр - Жеңіс күніне арналған «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова» атты тақырыптық көрме өткізілді.
1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте қайталанбас ерлік жасаған төл перзентіміз Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың батырлығын кейінгі жас ұрпаққа насихаттауды және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткен көрмеде белгілі тарихшы-журналист Жұмабай Доспанов пен Атырау облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Тұрсын Калимова қазақтың батыр қызының майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі елге сіңірген еңбегі туралы айтты.
«1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысы» залындағы Х.Доспанова арналған экспозицияда «Қыран қыздың» өмірдерегі, жеке және туысқандарымен, майдандас құрбыларымен бірге түскен фотосуреттері, құжаттары мен марапаттары, соғыс жылдарында пайдаланған штурман құралдары, ұстап-тұтынған бұйымдары, ПО-2 ұшағының көшірме моделі орын алды. Сенсорлық экраннан «Жеңіс тарихы» фильмі көрсетілді.
Көрмені қаламыздағы №12, №35 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары, №48 балабақшаның бүлдіршіндері тамашалады.