«Жылқы және көшпелі өркениет» атты көрме ұйымдастырылды
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған «Жылқы және көшпелі өркениет» атты уақытша көрме ұйымдастырылды.
Көрменің ашылу салтанатына О.Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысып, қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен, ұлттық құндылықтарымен және жылқы мәдениетіне қатысты тарихи жәдігерлермен танысты.
Көрме экспозициясынан музей қорында сақталған XIX–XX ғасырларға тән ат әбзелдері мен дәстүрлі шаруашылық құралдарын көруге болады. Сонымен қатар қымыз сақтауға арналған саба мен торсықтар, жылқы тақырыбын арқау еткен көркем туындылар да көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақ халқының дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігінде жылқының орны ерекше. Ол көшпелі өмір салтында тек көлік құралы немесе шаруашылықтың бір бөлігі ғана емес, еркіндік пен елдіктің, береке мен байлықтың символы саналған. Жылқыға қатысты қалыптасқан салт-дәстүрлер, ат әбзелдерін жасау өнері, қымыз дайындау мәдениеті халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі мен рухани мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.
Аталған көрме арқылы келушілерге жылқы мәдениетінің көшпелі өркениеттегі тарихи маңызы кеңінен таныстырылып, ата-бабаларымыздың дәстүрлі шаруашылығы, тұрмыс-салты мен қолөнер шеберлігінің озық үлгілері насихатталады. Сондай-ақ тарихи жәдігерлер арқылы ұлттық мұраны сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы айқындалады.
Көрме – халқымыздың өткен тарихына үңіліп, ұлттық құндылықтарымызды тереңірек тануға мүмкіндік беретін мәдени-танымдық алаң.Көрме 2026 жылдың 25 қарашасына дейін жалғасады.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі барша қала тұрғындары мен қонақтарын «Жылқы және көшпелі өркениет» көрмесін тамашалауға шақырады.






