«ҚАРУ-ЖАРАҚТАР» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ
12 қараша күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде музей қорында сақталған қару-жарақтар коллекциясы негізінде «Қару-жарақтар» атты уақытша көрменің ашылу рәсімі өтті.
Көрменің басты мақсаты – халқымыздың әскери тарихын, жауынгерлік дәстүрі мен батырлық рухын танытатын тарихи жәдігерлерді кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың тарихи танымын арттырып, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру.
Экспозициядан қазақ халқының дәстүрлі бес қаруының түрлерін, қорғаныс құралдарын, отты қарулар мен шабу-кесу қаруларын көруге болады. Әрбір тарихи жәдігер – ата-бабаларымыздың жауынгерлік өнерінен, қару жасау шеберлігінен және ел қорғау жолындағы ерлік дәстүрінен сыр шертетін құнды мұра.
Көрменің ашылу рәсіміне «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары мен ұстаздары қатысты. Келушілер музей мамандарының таныстыруымен қару-жарақ түрлерінің тарихы, қолданылу ерекшеліктері мен тарихи маңызы туралы мәлімет алды.
Мұндай көрмелер өскелең ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, ата-баба мұрасын қастерлеуге тәрбиелейді.
Қару-жарақ – тек соғыс құралы емес, ол халқымыздың азаттық жолындағы күресін, ерлік дәстүрі мен тарихи жадын айқындайтын маңызды мәдени мұра.




