«Қамшы – тұрмыс пен тылсымның тоғысы» атты уақытша көрменің ашылуы және ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, қолөнер шебері Кеңес Айыпқалиевтің шеберлік сағаты
2026 жылғы 26 маусымда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде музей қорындағы қамшылар коллекциясы негізінде ұйымдастырылған «Қамшы – тұрмыс пен тылсымның тоғысы» атты уақытша көрменің ашылуы және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері Кеңес Айыпқалиевтің шеберлік сағаты өтті.
Іс-шараның алғашқы бөлімі көрменің таныстырылымынан басталды. Көрмеде әр кезеңге тән, тарихы терең әрі белгілі тұлғаларға тиесілі бірегей қамшылар көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен көне қамшылар, қазақ батыры әрі әулие Байбақты Қармысұлына қатысты аңыздармен бірге сақталған қасиетті қамшы, Социалистік Еңбек Ері Арон Аюповтың, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Қойшыбай Есембаевтың, көрнекті жазушы, әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиевтің жеке пайдаланған қамшылары, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің жеке коллекциясынан музей қорына сыйға берілген қамшы таныстырылды. Сонымен қатар келушілер Маңғыстау өңірінде жасалған күміспен және ақық тастармен безендірілген қамшыларды тамашалады.
Көрме барысында қамшыға қатысты халқымыздың наным-сенімдері, ырым-тыйымдары мен салт-дәстүрлері туралы кеңінен ақпарат беріліп, оның қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен рухани мәдениетіндегі орны таныстырылды.
Іс-шараның екінші бөлімінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері Кеңес Айыпқалиев өзі жасаған түрлі қамшыларын таныстырып, қамшы жасаудың қыр-сыры мен әдіс-тәсілдері туралы әңгімеледі. Сонымен қатар тәжірибелік шеберлік сағатын өткізіп, қамшы өрудың негізгі тәсілдерін көрсетті. Қатысушылар шебердің жұмыс барысын қызығушылықпен тамашалап, шеберлік сабағына белсенді қатысып, қамшы өру тәсілдерін тәжірибе жүзінде орындап көрді.
Іс-шара соңында қолөнер шебері Кеңес Айыпқалиев өзі жасаған қамшыны музей қорына сыйға тартып, қамшылар коллекциясының толықтырылуына өз үлесін қосты. Музей ұжымы атынан ұлттық қолөнерді дәріптеуге қосқан еңбегі үшін шеберге алғыс білдіріліп, музей басшысының атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.








