«Музей қорындағы құстар: әр жәдігердің тарихы» көрмесі
2026 жылғы 1 сәуірде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты бірлесіп, Дүниежүзілік құстарды қорғау күніне орай «Музей қорындағы құстар: әр жәдігердің тарихы» атты танымдық шара және көрме ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – құстардың биоалуантүрлілігі туралы білімді арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және музей жәдігерлері арқылы табиғатты қорғау идеясын насихаттау.
«Өлкеміздің орнитофаунасы» атты көрмеде музей қорындағы құс тұлыптары және Ақжайық резерваты ұсынған фотокөрме ұсынылып, Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек құс түрлері таныстырылды.
Шара барысында «Құсты таны» викторинасы, «Ойлан-тап» сұрақ-жауап сайысы, постер жасау және эссе оқу сияқты танымдық-шығармашылық жұмыстар өткізілді.
Мәдени бағдарлама аясында оқушылар мен өнерпаздар ән-күй және би өнерін көрсетті. Сонымен қатар орнитолог маман Каспий өңіріндегі құстардың биоалуантүрлілігі туралы баяндама жасады.
Шараға университет оқытушылары, Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері, студенттер, оқушылар және қала тұрғындары қатысты.


