«2025 жылғы Ортағасырлық қалаларға зерттеулер нәтижесі» уақытша көрмесі
2026 жылғы 27 наурызда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ортағасырлық мәдени мұрамызды жаңаша көзқараспен таныстыруға бағытталған «2025 жылғы ортағасырлық қалаларға жүргізілген зерттеулер нәтижесі» атты уақытша көрменің ашылуы өтті.
Көрме 2025 жылы өңірдегі екі ірі тарихи нысан – Сарайшық қалашығы және Ақтөбе – Лаэти қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған құнды жәдігерлерді көпшілікке таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Экспозицияда керамикалық ыдыстар мен олардың сынықтары, ангобпен жылтыратылған қыш бұйымдар, полихромды кашин ыдыстары, көк және қара бояулы қыш фрагменттер, Алтын Орда кезеңіне жататын 30-дан астам мыс тиын, күміс және қоладан жасалған әшекейлер, шыны моншақтар және өзге де археологиялық артефактілер қойылды. Сондай-ақ темір, мыс, тас және шыныдан жасалған бұйымдар мен қалпына келтіруге болатын ыдыс үлгілері ұсынылды.
Ақтөбе–Лаэти қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде күйдірілген пеш маңынан бір-біріне жабысып қалған монеталар жиынтығы да табылып, көрмеге шығарылды.
Көрме жұмысына археологтар, тарихшылар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары мен студенттері, музей қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.




