Музейі қорындағы жинақталған бас киімдер коллекциясынан «Бас киім – бақтың тұрағы» көрмесі
2025 жылдың 24 қазан күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен музей қорында жинақталған бас киімдер коллекциясынан «Бас киім – бақтың тұрағы» атты уақытша көрме өтті. Көрменің мақсаты – бас киімдердің шығу тарихы мен түрлерін таныстырып, олардың жасалу жолдары мен қолданылу ерекшеліктерін көрсету. Сондай-ақ ұлттық бас киімдердің халықтың әлеуметтік дәрежесін, эстетикалық талғамын және рухани құндылығын айқындайтын маңызды мұра екенін насихаттау.
Музей қорында жинақталған 40-қа жуық жәдігер көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, қолөнер шебері А.Абдубайтованың ХІХ ғасырдағы киім үлгісі негізінде дайындалған Фатима ханымның қасабасының көшірмесі, үкілі тақиялар, түлкі тымақ, кимешек пен күндік түрлері, адмирал Л.А.Владимирскийдің әскери бас киімі, ардагер Д.М.Колесниковтың солдат пилоткасы, Қазақ КСР-нің халық артисі Қуат Төлековтің театрлық бас киімі, сондай-ақ әр ұлтқа тән калфак, түбәтәй, өзбек тақиясы және құндыз бөрік секілді жәдігерлер көрмеден орын алды. Көрменің таныстырылымына қаладағы №24 орта мектебі мен Х.Доспанова атындағы орта мектептің оқушылары, сондай-ақ Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің көркем еңбек факультетінің 2-курс студенттері мен ұстаздары қатысты. Шарадан кейін қатысушылар музейдің экспозициялық залдарын аралап, тамашалады.










