«РАДИОНЫҢ РӨЛІ» уақытша көрме



          2025 жылдың 3 қазан күні Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінде  1 қазан – Радио күніне орай музей қорындағы техникалық және механикалық бұйымдардан «РАДИОНЫҢ РӨЛІ» атты уақытша көрме өткізілді. Көрменің мақсаты:Радионың пайда болуынан бастап бүгінгі цифрлық технологияларға дейінгі тарихқа тоқталу. Бұл – ғылым мен техниканың, өнер мен мәдениеттің тоғысқан тұсы.

       Көрмеге келген қонақтар көне радиоқабылдағыштарды тамашалап, радионың қалыптасу және даму кезеңдерімен танысты. Экскурсия жүргізушісі әрбір жәдігердің тарихын қызықты әрі түсінікті тілде баяндап, тың деректермен бөлісті. Көрмеге арнайы шақырылған қонағымыз зейнеткер журналист Құлпейісова Гүлнар Бағытқалиқызы көрме қонақтарына өзінің еңбек жолы мен радио саласындағы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ радионың қоғамдағы орны мен оның ақпарат таратудағы маңыздылығы жөнінде әсерлі ойларымен бөлісті. Шара соңында Гүлнар Бағытқалиқызы өзінің анасы, журналистика саласында көп жылдар бойы еңбек еткен Құлпейісова Мәликаның музей қорына бірқатар құнды құжаттарын ресми түрде тапсырды. Атырау бизнес және құқық колледжінің студенттері музейдегі уақытша көрмені тамашалап, радио тарихымен жақын танысты. Радионың өткені мен бүгінін салыстырып, қызықты деректермен танысу – жастар үшін үлкен мүмкіндік болды!