Дәрігер – үміт пен сенім символы» уақытша көрме
2025 жылдың 12 маусым күні медицина қызметкерлері күніне орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Дәрігер – үміт пен сенім символы» уақытша көрме ашылды. Көрменің мақсаты – өмірін адам жанына араша болуға арнаған ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсету, олардың есімдерін жас ұрпақ санасында жаңғырту.
Көрмеде облысымыздан шыққан және ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек еткен 30-дан астам дәрігердің өмірі мен кәсіби жолына қатысты 194 дана құнды жәдігер көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда халқымыздың денсаулығы үшін аянбай еңбек еткен танымал тұлғалар – Халел Шигаев, Қажығали Мәмеков, тұңғыш кәсіби хирург Ахмет Сүндетов, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздіктері Гүлжан Сейтқалиева, Бақыт Суханбердиев, урология ғылымының негізін қалаушы профессор Бинеш Жарбосынов, сондай-ақ Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігерлері Мағзом Ғилаев, Бекбай Бимағанов, Абдрахман Тоқсанбаев, Лидия Дриль, Хайролла Қалжігітов, Марат Темірханов, Нелли Морозова, Вера Климова, Валентина Чичкина, Хамит Нұржанов, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Әлия Қарасаева және өзге де өлке тарихында із қалдырған медицина майталмандары туралы тың мәліметтер мен оларға тиесілі музей қорындағы жәдігерлер экспозициядан орын алды. Көрменің ашылу салнатына Атырау жоғары медицина колледжінің ұзтаздары мен студенттері және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.










