“Кездейсоқ олжалар” көрмесі
2025 жылдың 27 ақпан күні 2024 жылы Индер және Қызылқоға аудандарына жүргізілген археологиялық барлау мен мониторинг жұмыстары барысында табылған жәдігерлерден жасақталған "Кездейсоқ олжалар" көрмесі ашылды. Ашылу саланатына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің деканы, PhD доктор Д.Хамидуллина, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетініңқауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Л.Бердіғожин, қауымдастырылған профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Ж. Жұмабаева және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен БАҚ қатысты.
Көрмені музей басшысы М.Кипиев ашып, барлау жұмысының жүру барысы мен маңыздылығын атап өтті. Ә.Марғұлан атындағы археология институты, тас дәуірі бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Т.Мамиров онлайн байланыс арқылы бірегей жәдігерлердің ерекшеліктеріне тоқталды. Археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты М.Қасенов табылған олжалардың тарихы туралы түсінік берді. Екі бөлімнен тұратын көрмені Археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ғ.Базарбаев таныстырды.
Алғаш Индер ауданына, Елтай ауылы маңынан батысқа қарай 18 км қашықтықта орналасқан «Жақсының аяғы сынған» құмтөбелі қабірінен IX-XI ғасырларға жататын Оғыз-Хазар тайпалық бірлестігіне тиесілі темір сауытты жауынгердің мүрдесі таныстырылды. Барлау жұмысы барысында жауынгердің маңынан 100-ге жуық темір заттар мен киімінің матасы табылды. Әдетте, археологиялық қазбаларда мата өте сирек сақталады, сондықтан бұл ерекше дерек өлкемізді мекендеген тайпалардың мәдениеті туралы тың ақпарат береді. Көрмеге осы артефактілерден темір сауыт бөліктері, темір үзеңгі, темір жебе, найза, қайқы қылыш, темір түтікше, садақ бөліктері, алтын сырғалар қойылды.
Бұл олжа – Оғыз-Хазар жауынгерлерінің жерлеу дәстүрін зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды тарихи дерек.








