«Парасат биігіндегі тұлға» атты жылжымалы көрме
2025 жылдың 10 ақпан күні көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Оңайбай Көшекұлы Көшековтың туғанына 100 жыл толуына орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен «Парасат биігіндегі тұлға» еске алу шарасында жылжымалы көрме ұйымдастырылды.
Оңайбай Көшеков 1925 жылы 10 ақпанда қала маңындағы Сары Өзек деген жерде қарапайым отбасында дүниеге келген. 1940 жылы Таңдай орталау мектебінің 7 класын бітіргеннен кейін еңбек жолын Гурьев қой совхозында бастап, 1941 соғысқа кеткен әкесінің орнын басады. 1943 жылы ақпан айында армияға шақырылып, 5 жылдан астам шекарада застава бастығы болып қызмет атқарды. Елге оралғаннан кейін қалалық партия комитетінің аппаратында нұсқаушы, бөлім бастығы болып қызмет жасайды. 1963 жылы қыркүйек айында партия шақыруымен экономикасы артта қалған Бақсайдағы Қаракөл совхозының директоры болып тағайындалады.Сол уақытта совхоздың экономикасы көтеріліп, жоғары рентабельді шаруашылыққа айналады.
1970 жылы қазан айында облыстық Кеңестің атқару комитетінің төрағасы, 1977 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, үзбестен 15 жылдан астам уақыт қызмет етеді. Осы кезеңде облыста ірі өзгерістер болып, 1971-1980 жылдары мұнай көздерін іздеу нәтижесінде жаңадан көптеген мұнай өндіріс орындары ашылып, көлемі екі есеге артады.
Көрмеге елі үшін еңбек еткен ел ағасының өмір жолынан сыр шертетін музей қорындағы фотосуреттері мен құжаттары, сол кездегі ең жоғары сыйлық Ленин ордені, еңбектегі жетістіктері үшін Қызыл ту және Республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен өзге де орден-медальдары, марапаттары, жеке бұйымдары және кітаптары қойылды. Көрмені Атырау облысы әкімінің орынбасары М.Мурзиев, О.Көшековпен үзеңгілес, жолдас болған республика көлеміндегі ірі тұлғалар, замандастары, шәкірттері мен ұрпақтары тамашалады.





