«Сармат алтындары» көрмесі



        2025 жылдың 27 қаңтар күні Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 2023-2024 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесін таныстыру мақсатында зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен «Сармат алтындары» 1 күндік көрмесі өтті.
Көрмені музей басшысы М.Кипиев ашып, кіріспе сөзді Атырау облысы әкімінің орынбасары Д.Шамұратовқа берді. Өз кезегінде Д.Шамұратов археологиялық зерттеу жұмысының маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта осы бағытта атқарылатын жұмыстарға әкімдік тарапынан қолдау болатындыған жеткізді.
Көрмеде Археология ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог М.Қасенов 2023-2024 жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылы маңындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Қарабау-2 жүргізілген қазба жұмысының жұмыс барысымен және нәтижелерімен таныстырса, Археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ғ.Базарбаев Қарақұдық-1 және Қарақұдық-2 қорғандары туралы баяндап, көрмені таныстырды.

       2023-2024 жылдары Қарабау-2 және Қарақұдық-1, Қарақұдық-2 қорғандарына жүргізілген қазба жұмыстары барысында 1000-ға жуық жәдігерлер табылған болатын. Атап айтсақ, Қарабау-2 қорғанына жүргізілген қазбадан 9 қабірдің 7-еуі тоналмай шығып, 100-ге жуық алтын және күміс, асыл тастан жасалған әшекей бұйымдар, қару-жарақ, қыштан және сүйектен жасалған ыдыстар табылса, Қарақұдық-1 және Қарақұдық-2 қорғандарын зерттеу барысында қабірлерден күміс пиктограмма (ақбөкеннің, қасқырдың суреттері), алтын зергерлік бұйымдар, керамикалық ыдыстар, әртүрлі тұрмыстық заттар, ағаш пен керамикалық ыдыстар,қола қазандар,темір және қоладан жасалған қару-жарақтар (акинак, семсер, жебе ұштары, найза бөлігі) табылды.
Табылған кейбір жәдігерлердің құндылығы осы уақытқа дейін елімізде анықталмағандығында болып болып отыр. Дәлірек айтқанда қос жолбарыс пен қос арқар бейнесі мүсінделген, құю, дәнекерлеу тәсілі арқылы жасалған үлкен көлемдегі алтын тоға, екі басында барыс бейнесі мүсінделіп өрнектеліп жасалған, жуандығы 0,4 см болатын алтын білезік, алтын тұтқасы бар сынама тас (сарматтықтар алтынның сапасын анықтауға пайдаланған), бұланның сүйектерінен жасалған құрбандық ыдыстар мен асатаяқтар сынды жәдегерлер осының дәлелі. Сондай-ақ б.э.д V-IV ғасырларыға тиесілі жиектері аң стиліндегі күміс жаспсырмалармен әсемделген ағаш ыдыстың алғаш рет бұзылмаған, тұтас қалпында табылуы да алдағы уақытта ағаш ыдыстардың формасын анықтауға жол ашып отыр (осыған дейін ағаш ыдыстар бұзылмаған күйінде табылмаған болатын).

   Табылған археологиялық олжалар Атырау өңірін ерте кезеңдерде мекендеген сармат тайпаларының өркениетінің деңгейін, оның ішінде көшпелілердің қөлөнерінің және әскери өнері мен діни рәсімдерінің жоғары дәрежеде дамығандығын көрсетеді.