АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНДЕ KPI КОМПАНИЯСЫНЫҢ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) – Атырау облысында орналасқан, Қазақстандағы алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің жұмысын жүзеге асыратын отандық кәсіпорын. Компанияның негізгі қызметі – Теңіз кен орнынан алынатын шикізатты өңдеу арқылы полипропилен өндіру. Кәсіпорын отандық мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға, полимер өнімдерінің өндірісін жолға қоюға және өнеркәсіп салаларын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Бүгін Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) компаниясының көрмесі ашылды.
Іс-шара барысында KPI компаниясының Бас директоры Жанайдар Жандельдинов, компанияның Бас сарапшысы Дамир Ашимов және Мемлекеттік органдармен жұмыс, PR және GR жөніндегі қызмет басшысының орынбасары Өмірзақ Зинуллин сөз сөйлеп, көрменің маңыздылығы мен отандық мұнай-химия өнеркәсібінің қалыптасуы және даму бағыттары жөнінде пікір білдірді. Сонымен қатар қатысушылар назарына компанияның қызметі мен өндірістік жетістіктерін таныстыратын бейнеролик ұсынылды.
Салтанатты бөлімнен кейін қонақтар Тәуелсіздік залына өтіп, көрменің ресми ашылу рәсіміне қатысты. Лента қию құрметі KPI компаниясының бас директоры Жанайдар Жандельдинов пен Мемлекеттік органдармен жұмыс, PR және GR жөніндегі қызмет басшысының орынбасары Өмірзақ Зинуллинге берілді. Рәсімнен соң қонақтар экспозициямен танысып, ұсынылған жәдігерлердің тарихы мен өндірістік ерекшеліктері туралы мәлімет алды.
Экспозицияның мазмұндық негізін KPI компаниясының алғашқы өндірістік өнімдері – пропилен мен полипропилен үлгілері, сондай-ақ алғашқы реактор колбасы құрайды. Бұл жәдігерлер 2024 жылы музей мен компания арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында музей қорына табысталған болатын. Бүгінде олар өңірдің заманауи өндірістік тарихын бейнелейтін, музейдің техникалық және механикалық коллекцияларын толықтыратын құнды экспонаттар қатарында.
Іс-шараға KPI компаниясының басшылығы мен өкілдері, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен «APEC PETROTECHNIC» жоғары колледжінің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аталған көрме музей мен өндіріс орны арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өңірдің өндірістік мұрасы мен отандық өнеркәсіп жетістіктерін кеңінен танытуға бағытталды.

















