«Атырау қаласының тарихи суреттері» атты фотокөрме ашылды



Бүгін Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Республика күніне орай «Атырау қаласының тарихи суреттері» атты уақытша фотокөрменің ашылуы өтті.

Көрме экспозициясына музей қорында сақталған тарихи фотосуреттер мен ашықхаттар қойылды. Экспозиция «Жайық жағасындағы көпірлер тарихы», «Ескі Гурьевтің сәулеті мен тарихи келбеті», «Тарихи Гурьевтің қоғамдық және әлеуметтік нысандары» атты тақырыптық бағыттарды қамтиды. Онда қаланың бұрынғы сәулеттік келбеті, Жайық өзені үстіндегі көпірлердің тарихы, қоғамдық ғимараттары мен әлеуметтік өміріндегі өзгерістер бейнеленген.

Фотокөрмені мемлекеттік мекемелердің басшылары, зиялы қауым өкілдері, университет ғалымдары, тарихшылар, өлкетанушылар мен журналистер тамашалады. Қонақтар тарихи фотоматериалдар арқылы ескі Гурьевтің тыныс-тіршілігімен, қаланың даму кезеңдерімен және тарихи-мәдени мұрасымен танысты.

Көрменің ашылуында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы Кипиев сөз сөйлеп, тарихи мұраны сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Ал музейдің Қазіргі кезең тарихын ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ерлан Қоныскерейұлы көрменің мазмұны мен тарихи маңызы туралы баяндады.

Музей қорындағы тарихи фотосуреттер – қаланың өткенінен сыр шертетін, өңірдің тарихи жадын сақтауға үлес қосатын құнды дереккөздер. Көрме Атыраудың тарихын кеңінен танытуға, туған өлкенің мәдени мұрасына деген құрметті арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған