АСТАНАДА АТЫРАУ ӨҢІРІНІҢ КРЕАТИВТІ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
19–20 қыркүйек күндері Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында Атырау облысының креативті жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі де қатысып, музей қорында сақталған Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын танытатын этнографиялық және археологиялық жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынды.
Жәрмеңкеге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов арнайы келіп, көрмеге қойылған тарихи-мәдени құндылықтармен және шығармашылық жұмыстармен танысты.
Көрме экспозициясынан қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетінің маңызды мұрасы – домбыраның түрлі үлгілерін көруге мүмкіндік болды. Олардың қатарында сүйекпен және күміспен көмкерілген домбыра, Ізмұхамбетова Әсиманың домбырасы, күйші-сазгер Әзидолла Есқалиевтің және Сейілхан Құсайыновтың домбыралары таныстырылды.
Сонымен қатар, ортағасырлық Сарайшық қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қыш ыдыстар мен керамикалық бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, құмыра, құмған, көзе, түбек, ыдыс қақпақтары және түрлі сырлы ыдыстардың фрагменттері көрме төрінен орын алды.
Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын елорда төрінде таныстыру ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өңірдің бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға және тарихи жәдігерлерді көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді.







