«Солтүстік Каспий ойпаты ерте темір дәуірінде» уақытша көрмесі



2026 жылғы 23 сәуір күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Солтүстік Каспий ойпаты ерте темір дәуірінде» атты уақытша көрменің ашылуы өтті.

Көрменің салтанатты рәсімін музей басшысы М.Кипиев ашып, өңір тарихын зерттеудегі археологиялық қазбалардың маңызын атап өтті.

Экспозицияда 2025 жылы Қарабау-2 қорғанының №5 және №10 қабірлерінен табылған бірегей археологиялық жәдігерлер ұсынылды. Олардың қатарында б.з.д. IV–III ғасырларға жататын алтын қаптамалы қола әшекейлер, білезіктер, керамикалық ыдыстар, тұрмыстық бұйымдар, балгерлік тастар мен қару-жарақтар бар.

Сонымен қатар, жел эрозиясы нәтижесінде анықталған кездейсоқ олжалар да көрмеге енгізілді. Олардың ішінде хвалын мәдениетіне тән кремний пышақтар, Dentalium моллюскілерінен жасалған моншақтар және тас білезіктер ұсынылды.

Көрме барысында музейдің Археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ғ.Базарбаев келушілерге жәдігерлердің тарихи құндылығы туралы кеңінен ақпарат беріп, сұрақтарға жауап берді.

Іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Тарих» мамандығының 1 курс студенттері, музей қызметкерлері және қала қонақтары қатысты.