«Мир кочевника» халықаралық көрмесінің ашылуы



2026 жылғы 18 маусым күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ресей Федерациясының Қалмақ Республикасындағы Н.Н. Пальмов атындағы Ұлттық музей ұсынған «Мир кочевника» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға мәдениет саласының өкілдері, архив мамандары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушылары мен студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Көрменің ашылуында музей басшысы М.Кипиев Атырау өңірі мен Қалмақ Республикасын байланыстыратын тарихи-мәдени сабақтастық пен халықтар арасындағы достық қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында Қалмақ Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Цорос Алтман Валерьевич көрменің мақсаты мен мазмұны туралы баяндап, қабылдаушы тарапқа алғысын білдірді. Ал музейдің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Валерий Батыров экспозицияның ғылыми тұжырымдамасымен таныстырып, экскурсия жүргізді.

Көрмеде қалмақ халқының тарихи-мәдени мұрасын танытатын 60-тан астам жәдігер ұсынылды. Экспозиция құрамына ұлттық музыкалық аспаптар, көшпелі тұрмыс бұйымдары, ат әбзелдері, қолөнер туындылары, дәстүрлі ойын элементтері, буддалық діни жәдігерлер, танкалар, мүсіндер, дұға кітаптары мен этнографиялық материалдар енгізілді.

Көрменің мақсаты – көшпелі халықтардың ортақ мәдени мұрасын насихаттау, халықтар арасындағы достықты нығайту және халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту.

«Мир кочевника» көрмесі келушілерге көшпелі өркениеттің бай тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік берді.