«Сағаттар коллекциясынан» уақытша көрмесі
2026 жылдың 17 сәуірінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде музей қорында сақталған «Сағаттар коллекциясынан» атты уақытша көрме ұйымдастырылды.
Көрме барысында келушілер көне сағаттардың алуан түрімен танысып, олардың шығу тарихы мен ерекшеліктері туралы тың мәліметтер алды. Экскурсия жетекшісі әрбір жәдігерге жеке тоқталып, олардың тарихи және мәдени маңызын жан-жақты түсіндірді.
Экспозицияда қабырға, үстел, қол және қалта сағаттарының бірегей үлгілері ұсынылды. Әсіресе ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысына жататын сирек бұйымдар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеде барлығы 41 жәдігер қойылды.
Көрмеге О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі мен Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ музей мамандары қатысты.
Ашылу күні 50 адам келсе, бір апта ішінде көрмені 300-ге жуық көрермен тамашалады.



