Күйші, композитор Ахмедияров Қаршыға Ахмедиярұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Қаршыға қалықтаған күй аспаны» әдеби-сазды кеші



2026 жылғы 9 сәуір күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көрме залында күйші-композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдығына арналған «Қаршыға қалықтаған күй аспаны» атты әдеби-сазды кеш және көрменің таныстырылымы ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – қазақтың дәстүрлі күй өнерін биік деңгейге көтерген көрнекті тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық музыка өнеріне қосқан үлесін дәріптеу.

Кеш аясында музей және Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қорларынан алынған материалдар негізінде дайындалған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда күйшінің жеке заттары, домбырасы, сахналық киімі, марапаттары, құжаттар мен фотосуреттер және басылымдардан тұратын 34 жәдігер қойылды.

Іс-шара Қаршыға Ахмедияровтың орындауындағы «Тойбастар» күйінің бейнежазбасымен ашылып, ұлттық музыкалық мұраның құндылығын айқындады.

Кешке күйшінің шәкірттері мен туыстары, «Нарын» халық аспаптар оркестрі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Шара барысында Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, Қ.Ахмедияровтың қазақ руханиятындағы орнына тоқталды. Күйшінің шәкірттері мен өнер иелері оның шығармаларын орындап, естеліктерімен бөлісті.

Кештің музыкалық бөлімінде «Қайран әке», «Раушан гүлім» және басқа да күйлер орындалды.

Қорытынды бөлімде көрме таныстырылып, музей мен кітапхана мамандары экспозициядағы жәдігерлер туралы мазмұнды ақпарат берді.

Аталған мәдени шара Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылық мұрасын ұлықтап, ұлттық күй өнерінің рухани құндылығын дәріптеуге бағытталды. Іс-шараға 60 адам қатысып, бір апта ішінде көрмені 200-ге жуық көрермен тамашалады.