Заң ғылымының докторы, профессор Салық Зиманұлы Зимановтың 105 жылдығына арналған «Заң ғылымының заңғар тұлғасы» атты уақытша көрме
2026 жылғы 25 ақпанда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Салық Зиманұлы Зимановтың туғанына 105 жыл толуына орай «Заң ғылымының заңғар тұлғасы» атты уақытша көрме ашылды.
Тағылымды шара ғалымның музей қорында сақталған құжаттары мен ғылыми еңбектерін, сондай-ақ тұлғалық болмысын айқындайтын тарихи фотосуреттерін көпшілікке таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты – жас ұрпақты білім мен ғылымға баулу, отансүйгіштік рухты дәріптеу және көрнекті ғалымның қоғамдық-саяси қызметін насихаттау.
Салық Зиманұлы Зиманов – қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен нығаюына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті заңгер-ғалым. Ол «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының» жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияны басқарып, тарихи құжаттың қабылдануына тікелей жетекшілік етті. Сонымен қатар 1991 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияға жетекшілік жасап, 1993 жылғы Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясының жобасын дайындаған сарапшылар тобын басқарды. Оның ғылыми мұрасы мен мемлекетшілдік ұстанымы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
Экспозициялық көрмеге ғалымның 1942 жылы Сухум әскери мектебінде курсант достарымен бірге түскен суреттері, 615-миномет полкінің жауынгерлік серіктерімен кездесулерінен фотосуреттері, ұстаздық және депутаттық қызмет кезеңдерінен сыр шертетін тарихи деректер, отбасылық және академик әріптестерімен бірге түскен фотолары қойылды. Сонымен қатар оның докторлық және профессорлық дипломдары, Ұлттық ғылым академиясы академигінің куәлігі, «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы 2001 жылғы шешімнің көшірмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Шараға қонақ ретінде әскери тарихшы, өлкетанушы Ж.Доспанов пен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Ж.Шаяхметова қатысты. Олар С.Зимановтың терең білімділігі мен парасаттылығы, ел болашағы үшін атқарған өлшеусіз еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті.



