Қазақстанның Халық әртісі, күй қағаны, дарынды дирижер Рысбай Хисметоллаұлы Ғабдиевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Күй киесін ұлықтаған тұлға» уақытша көрмесі



2026 жылдың 17 ақпанында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның Халық әртісі, күйші-дирижер Р. Ғабдиевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Күй киесін ұлықтаған тұлға» атты уақытша көрме ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – өнер қайраткерінің өңір мәдениетінің дамуына қосқан үлесін насихаттау, шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру және жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Көрме барысында Р.Ғабдиевтің өмірі мен шығармашылық жолы таныстырылып, оның ғұмырнамасы, ұстаздық қызметі, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі және репертуарындағы күйлер топтамасы слайдтар мен бейнематериалдар арқылы көрсетілді. Сонымен қатар Құрманғазының «Қайран шешем» күйінің шығу тарихы жөнінде мәлімет берілді.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар өнер иесі туралы естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді. Музыканттар мен студенттер Р. Ғабдиевтің репертуарынан домбыра күйлерін орындап, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

Көрмеге Р.Ғабдиевтің ұлдары – домбырашы Арыстанбек Ғабдиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұқадас Ғабдиев, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері мен өнер қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің әртісі Н.Өтеғазиев, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония жанындағы «Нарын» оркестрінің бас дирижері Е.Қитаров және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Н.Нажекенов пен Б.Каримов болды.

Көрермендер қатарында Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің домбыра мамандығы бойынша білім алушы студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ музей қызметкерлері болды. Шара барысында Құрманғазының «Қайран шешем», «Терісқақпай», Дәулеткерейдің «Қос ішек», Жантөренің «Шалқыма» күйлері орындалды.Сонымен қатар «Өлке мәдениеті және әдебиеті» залындағы Р.Ғабдиевке арналған тұрақты экспозиция да көрермен назарына ұсынылды.