«Аяқ киім – тұрмыс пен мәдениеттің көрінісі» уақытша көрмесі
2026 жылдың 4 ақпанында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде музей қорындағы аяқ киімдер коллекциясынан «Аяқ киім – тұрмыс пен мәдениеттің көрінісі» атты уақытша көрме ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – музей қорында жинақталған аяқ киімдер коллекциясын таныстыру, олардың шығу тарихы, түрлері, ерекшеліктері, қолданылуы мен жасалу жолдары туралы мәлімет беру, сондай-ақ аяқ киімнің халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын бейнелейтін мәдени мұра ретіндегі маңызын көрсету.
Көрмеге музей қорында сақталған XIX–XX ғасырларға жататын, әр жылдары жеке тұлғалардан, мекемелер мен ұйымдардан қабылданған, сондай-ақ этнографиялық экспедициялар барысында жинақталған аяқ киім үлгілері қойылды. Жалпы көрермен назарына 24-ке жуық аяқ киім түрі ұсынылды.
Көрмеде былғары кебістер мен мәсілер, шоңқайма етіктер, ою-өрнекпен безендірілген сәндік және сахналық етіктер, әйелдердің өкшелі етіктері, ерлердің саптама етіктері, керзі және резеңке етіктер, башқұрт халқының оюлы етігі, киіз тәпішкелер мен мокасиндер таныстырылды. Сонымен қатар белгілі тұлғалардың жеке заттары – Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның және қоғам қайраткері Мәриям Сабырқызының аяқ киімдері қойылды.
Сондай-ақ музейдің экспозициялық залдарындағы витриналарда сақталған аяқ киімдер туралы қосымша мәліметтер слайд арқылы көрсетілді. Олардың қатарында қазақтың белгілі актері Нұрмұхан Жантөриннің сахналық аяқ киімі, Қазақстанның Халық әртісі Әнуар Есқалиевтің етігі және басқа да құнды жәдігерлер бар.
Іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп пен №15 Абай атындағы орта мектептің оқушылары мен ұстаздары, сондай-ақ музей қызметкерлері қатысты.








