«Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» көшпелі көрме
2025 жылдың 25 қазан күні Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Елшілігінің арнайы шақыртуымен және Атырау облысы әкімдігінің қолдауыменРеспублика күніне арналған мерекелік шара аясында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынанТүрікменстанның Ашхабад қаласында «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көшпелі көрме ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты – Атырау өлкесінің бай археологиялық және этнографиялық мұрасын таныстырып, ғасырлардан жеткен құнды жәдігерлер арқылы халқымыздың тарихы мен мәдениетін насихаттау.
Экспозицияда Сармат көсемі мен оның қару-жарақтарының реконструкциясы, Сарайшық қаласынан табылған жәдігерлер, ұлттық киімдер, ат әбзелдері, зергерлік, ағаш және тері бұйымдары коллекцияларымен қатар, көрермен назарына картиналар топтамасы да ұсынылды. Барлығы 86 сақтам бірлік құнды жәдігер көрмеге қойылды. «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» көрмесін Мәдениет министрінің орынбасары Гурбанмырат Шихмырадұлы, Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Асқарұлы, Түрікменстанның мәдениет және дипломатия саласының өкілдері, шетелдік консулдар мен ерекше мәртебелі меймандар тамашалап, Атырау өңірінің бай рухани мұрасына жоғары баға берді. Бұл шара Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, қазақ халқының бай рухани мұрасын әлемге танытудың жарқын үлгісіне айналды.
