«Заманауи музей жобасы: өзекті нысандар мен әдістер» тақырыбындағы семинар-тренинг қорытындыланды
2026 жылғы 14–16 қазан күндері Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Заманауи музей жобасы: өзекті нысандар мен әдістер» тақырыбында облыстық жобалық білім беру семинар-тренингі өтті.
Үш күнге созылған семинарға Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен оған қарасты музей бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – музей мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи музей жобаларын әзірлеу мен жүзеге асырудың тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеру және тәжірибе алмасу.
Семинар барысында қатысушылар заманауи музей жобаларын әзірлеу, креативті экспозициялар ұйымдастыру, келушілермен жұмыс жүргізу, музейлік маркетинг пен музей брендін қалыптастыру бағыттары бойынша дәрістер мен шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қатар мамандар өздері алдын ала әзірлеген жобаларын таныстырып, топтық жұмыстар арқылы қорғады. Жобалардың мақсат-міндеттері, күтілетін нәтижелері, қаржыландыру мүмкіндіктері және ақпараттық қолдау тетіктері талқыланды.
Семинар-тренингке Алматы қаласынан келген музейтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университетінің қауымдастырылған профессоры Ғалия Файзуллина мен өнертанушы, музейлік жобалардың кураторы Гүлдана Сафарова дәріскер ретінде қатысып, мамандардың жобаларына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, кәсіби бағыт-бағдар берді.
Үш күндік семинар қорытындысы бойынша қатысушылардың жобалары бағаланып, бірқатар музей мекемелері арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Махамбет Өтемісұлы атындағы тарихи-мәдени қорық «Болашағы зор идея үшін», Палеонтология музейі «Мәдени мұраны танымал ету бойынша үздік жоба» және «Көрермен көзайымы», Құрманғазы аудандық музейі «Үздік білім беру жобасы үшін», Индер аудандық музейі «Балалар және музей», Исатай аудандық музейі «Музейді цифрлық кеңістікте таныту», Х. Ерғалиев атындағы музей «Мәдени мұраны танымал ету» номинацияларымен марапатталды. Семинарға қатысқан мамандарға арнайы сертификаттар табысталды.
Аталған семинар музей қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына, тың идеяларды талқылауына және музей жұмысын заман талабына сай жетілдіруге мүмкіндік берді. Қатысушылар үшін кәсіби білімдерін толықтырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағыт-бағдар алған маңызды тәжірибелік алаңға айналды.







