«Балалық шақ әлемі – музей төрінде» ашық есік күні
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Балалық шақ әлемі – музей төрінде» атты балаларға арналған ашық есік күні өтті.
Іс-шараға «Жақсы ой» білім беру орталығының балалары, Саламат Мұқашев атындағы колледж студенттері, №25 мектептің жазғы лагерь балалары және Қызылқоға ауданы Е.Шүкіров атындағы мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында балалар «Сарайшыққа саяхат» мультфильмін тамашалап, «Жас экскурсоводтар» клубының танымдық экскурсияларына қатысты. Сонымен қатар «Музейлік квест» интеллектуалдық ойынында білімдерін сынап, «Тәуелсіз елдің ұрпағы» балалар караокесінде өнерлерін көрсетті. «Бәйге» танымдық ойыны арқылы ұлттық құндылықтар мен тарихқа қатысты қызықты мәліметтермен танысты.
Балалардың музейге деген қызығушылығын арттырған мерекелік шара көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге өз үлесін қосты.


