«Этнографиялық экспедициялар материалдары жинағының» таныстырылымы
2026 жылғы 18 мамыр күні Халықаралық музейлер күні аясында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Этнографиялық экспедициялар материалдары жинағының» таныстырылымы өтті.
Шара барысында музей басшысы М.Кипиев бұл еңбектің халықтың рухани мұрасын жаңғыртуға, өңірдің тарихи-мәдени деректерін ғылыми айналымға енгізуге бағытталған этнографиялық экспедициялардың нәтижесі екенін атап өтті.
Жинақ 2023–2024 жылдары ұйымдастырылған экспедициялық зерттеулер негізінде әзірленген. Зерттеу жұмыстары қазақтың ұлы жырауы Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығына арналды. Экспедиция барысында 60-тан астам елді мекен қамтылып, 90-нан астам информатормен сұхбат жүргізілді, 180-нен астам музейлік жәдігер жиналды.
Еңбекте этнография, фольклор, жер-су атаулары, дәстүрлі шаруашылық және жыршылық өнер бағыттары кеңінен қамтылған.
Таныстырылым барысында экспедицияға қатысқан ғалымдар мен зерттеушілер сөз сөйлеп, жинақтың ғылыми және рухани маңызына тоқталды. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Мұхитов, педагогика ғылымдарының кандидаты Ш.Нағимов, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қуаныш, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Т.Жаңабай, өлкетанушы Н.Ақназаров және Атырау облысы мемлекеттік архиві өкілі Т. Калимова пікір білдірді.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі Ш.Нағимов пен Н.Ақназаровқа ұсынылды.
Аталған жинақ ұлттық мұраны жүйелеуге, ғылыми тұрғыда зерделеуге және келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды еңбек болып табылады.









