«АТЫРАУ ОҚУЛАРЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы



2026 жылғы 29 мамыр күні Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Атырау оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияның мақсаты – Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, археологиялық және этнографиялық деректерді ғылыми айналымға енгізу, музей ісін дамыту және өлке тарихын насихаттау.

Іс-шараға еліміздің жетекші ғалымдары, археологтар, этнографтар, тарихшылар, музей мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Пленарлық отырысты Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Жоламанов ашып, конференцияны музей басшысы М.Кипиев жүргізді.

Пленарлық бөлімде археология, тарих, этнография және музейтану бағыттарында ғылыми баяндамалар жасалды. Сарайшық қалашығы, Қарашүңгіл некрополі, Батыс Қазақстанның көне қалалары, жерлеу дәстүрлері мен өңірлік археологиялық зерттеулер тақырыптары кеңінен талқыланды.

Конференция жұмысы үш секция бойынша жалғасты:        –«Тарих» –«Археология, палеонтология және өлке табиғаты» – «Ескерткіштану, музейтану және этнография»

Секцияларда барлығы 70-тен астам ғылыми баяндама тыңдалып, өңір тарихы мен мәдени мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері қаралды.

Сонымен қатар музей қызметкерлері ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысып, ғылыми жинаққа бірқатар мақалалар енгізді. Олардың қатарында тарихи топонимика, Сарайшық қалашығы, археологиялық ескерткіштерді жүйелеу және әскери элита жерлеу дәстүрлеріне қатысты зерттеулер бар.

Конференция барысында ғылыми еңбектер таныстырылып, музей қорына табысталды.

«Атырау оқулары» конференциясы өңір тарихын кешенді зерттеуге, ғылыми байланыстарды нығайтуға және музей ісінің дамуына ықпал еткен маңызды ғылыми алаң болды.