«Музей Vibe: өткен мен болашақ үндестігі» мерекелік шарасы
2026 жылғы 18 мамыр күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музей күніне орай «Музей Vibe: өткен мен болашақ үндестігі» атты кең көлемді мәдени-танымдық шара өтті.
Шараның мақсаты – тарихи-мәдени мұраны насихаттау, жас ұрпақтың тарихқа қызығушылығын арттыру, дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын көрсету
Кеш аясында музейдің «Тәуелсіз Қазақстан» залы реэкспозициядан кейін қайта ашылып, келушілерге еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи кезеңдері мен өңір дамуына қатысты жаңартылған экспозиция ұсынылды. Экспозицияға 176 жәдігер енгізілді.
Іс-шараға Астана қаласынан шақырылған археолог, PhD доктор Қасенәлі Айбар Ерланұлымен мәдени-танымдық кездесу өтті. Кездесу барысында археология, тарихи мұраны сақтау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері талқыланды.
Шара барысында ұлттық қолөнерді дәріптеуге бағытталған шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Лайла Жарқынқызы текемет басу өнерін, Талғат Ерқанатұлы қыш жасау өнерін, Гүлзира Құбашқызы жіпті ілмекпен тоқу тәсілін таныстырды. Сонымен қатар жергілікті шеберлер өз жұмыстарын көрме-жәрмеңкеде ұсынды.
Келушілер үшін «Бәйге» ұлттық ойын-сайысы, «Менің сүйікті жәдігерім» шығармашылық алаңы, «Жәдігермен селфи», «Жасырын тұлға» және «Тұлғалар үні» сияқты интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында музей залдары бойынша экскурсиялар жүргізіліп, жас экскурсоводтар келушілерге тарихи-танымдық ақпарат ұсынды.
Жалпы шараға мемлекеттік мекемелер өкілдері, зиялы қауым, мәдениет қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты. Кешке 912-ге жуық адам қамтылды.
Қорытындысында «Музей Vibe» жобасы музейдің заманауи мәдени кеңістікке айналып келе жатқанын көрсетіп, қоғам мен музей арасындағы байланысты нығайтты.














