«Наурыз дәстүрлері – халық мұрасы» мерекелік іс-шарасы
2026 жылғы 18 наурызда жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Наурыз дәстүрлері – халық мұрасы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – Наурыз мейрамының мән-маңызын насихаттау, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық мұраның рөлін көрсету.
Мерекелік жиынға еңбек және спорт ардагері, «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығының «Батагөй» ақсақалы Ақмырза Батырқайырұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Әбіш Жанар Төрениязқызы, облыстық аналар кеңесінің мүшелері, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының өнерпаздары және музей ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында «Аналар киген кимешек» дефилесі, ұлттық тағам – наурызкөжені таныстыру және қонақтарға ұсыну, сондай-ақ бесікке салу және тұсау кесу секілді ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілді.
Мереке аясында филармония өнерпаздары ән-күй орындап, шара қонағы Ақмырза Батырқайырұлы ақ бата берді.
Шара ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және Наурыз дәстүрлерін кеңінен насихаттауға бағытталды.








