«Болмысы бөлек тау тұлға» мәдени шара



     2025 жылдың 3 шілде күні қазақтың тұңғыш бард ақыны, сыршыл сазгер, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Табылды Досымовтың 60 жылдығына арналған «Болмысы бөлек тау тұлға» мәдени шарасы өтті. Ақынның терең мағыналы әндері мен мол шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кешке ақынның жары Қарлығаш Басарқызы, қызы Ақбаян Табылдықызы, «Атырау-Ақпарат» ЖШС стратегиялық жоспарлау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қаршыға Ерсайынұлы, Қазақстан Журналистер Одағының және Суретшілер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Темірбек Мәжитұлы, Ш.Сариев атындағы өнер музейінің студия мұғалімі Елеуғали Тұрсынғалиұлы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының сеньор-лекторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Т.Досымовтың курстасы Гүлнар Базарбайқызы, сондай-ақ ақынның замандастары, достары, зиялы қауым өкілдері мен өнер қайраткерлері қатысты.

     Алты бөлімнен тұратын мазмұнды шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериалдар көрсетіліп, кеш қонақтары Табылды Досымов туралы естеліктерімен бөлісті. Суретшілер Е.Дәукенов пен Т.Мұхтаров бард ақынға арналған «№5 жатақхана» және «Биіктік рухы» тақырыбындағы туындыларын таныстырып, олардың көркемдік мазмұны мен идеялық тереңдігіне тоқталды. Сонымен қатар Т.Мұхтаров өзінің «Суретші көзімен» кітабын музейдің кітапхана қорына тарту етті. Шара аясында Индер аудандық музейі мен аудандық кітапхана ақын мұрасына арналған онлайн және офлайн көрмелерін көпшілік назарына ұсынды. Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі, республикалық Т.Досымов атындағы конкурстың лауреаты Ізбасар Бағытжанұлы ақынның ел ішінде кең танымал «Сәйгүлік» пен «Биіктік» әндерін орындап, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Шара соңында Қарлығаш Басарқызы ақынның көзі тірісінде тұтынған жеке заттарын музей қорына табыстады.