«Көрісу - жаңа жылдың бастауы» мерекелік шара
2025 жылдың 14 наурыз күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде халқымыздың бірлік пен татулыққа негізделген ерекше дәстүріне арналған «Көрісу – жаңа жылдың бастауы» атты мерекелік шара өтті. Халқымыздың ежелден келе жатқан Көрісу күнін дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шараға Қазақстанның Құрметті журналисі, өлкетанушы Т.Жаңабай, өлкетанушы М.Өтеғалиев, "Тхоньиль" корей ұлты бірлестігінің мүшелері, музей ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Шара барысында ұлттық нақышта киінген музей қызметкерлері ақсақалдармен төс қағыстырып, аналар құшақ жайып көрісті. Алғашқы құттықтау сөзін музей басшысы М.Кипиев алып, жиналған қауымды Көрісу күнімен құттықтады. Одан әрі шараға қатысқан көрермендер қазақтың «Келін түсіру», «Беташар» рәсімдерін тамашалады. Ұлттық дәстүрімізге сай жасалған қойылымда күмбірлеген қоңыр домбыраның үнімен жас келіннің бетін ашу салты орындалып, қайын атасы батасын берді. Кейін шара қонақтары ақ дастарханнан жас келіннің қолынан дәм татты. Шара соңында қонақтар жүрекжарды тілектерін білдіріп, Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі өлкетанушы Т.Жаңабай мен өлкетанушы М.Өтеғалиев ақ баталарын берді. Ал “Тхоньиль” корей этномәдени бірлестігінің өкілі С. Хан ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге сүбелі үлес қосып жүрген музей ұжымына ризашылығын білдіріп, шынайы алғысын жеткізді.





