«Газет – өмір айнасы»

5 сәуір күні сағ 11.00-де Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде "ATYRAÝ" облыстық қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына орай  «Газет – өмір айнасы» атты уақытша көрменің ашылуы болды.

Шараға «Ерік» газетінен бастау алған  ғасырлық тарихы бар «Атырау» газетінің ұжымы, осынау газетте әр жылдарда қызмет атқарған ардагер журналистер, музейдің бұрынғы басшылары мен қызметкерлері, бұқаралық ақпарат - құралдарының өкілдері мен Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенттері қатысты.

Жиналғандар алдымен дөңгелек үстел басында «Атырау»  газетінің өткен тарихынан сыр шертіп, қалыптасу кезеңдерінен естеліктер айтты. Жиында «Атырау-Ақпарат» ЖШС Бас директорының орынбасары, «Атырау» газетінің  бұрынғы бас редакторы Исатай Балмағамбетов, газеттің байырғы қызметкерлері Қазақстанның Құрметті журналистері Төлеген Жаңабай мен Өтепберген Әлімгерей,  Атырау баспасөзі тарихын зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы,  «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің бұрынғы директоры Төлеген Берішбаев, «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиевтер сөз алып, газеттің жүріп өткен жолы мен онда қызмет атқарған қаламгерлердің асыл қасиеттерін сөз қылды.  Осыдан соң   музейдің  экскурсия жүргізушісі Нұргүл Шалимова газеттің 100 жылдығына орай  музей қорынан  жасақталған көрмені көпшілікке кеңінен таныстырды. 

Көрмеге 1923 жылғы 1 сәуірде  жарыққа шығарылған   «Ерік»  газетінің көшірмесі, 1924 жылғы шыққан уездік «Ерік», «Социалистік құрылыс»,  «Коммунистік Еңбек», «Атырау»  газеттерінің түпнұсқалары, газеттің алғашқы редакторларының газет бетіндегі өмір деректері, кезінде газетпен тығыз байланыста жұмыс жасаған белгілі тұлғалар  Әбу Сәрсенбаев,  Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшиннің фотосуреттері, заттай бұйымдары, өткен ғасырда редакцияда алғашқы еңбек жолдарын бастаған, еліміздің белгілі тұлғалары, жерлестеріміз  Тауман Амандосов, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақовтың құжаттары мен заттай бұйымдары, жазушы, драматург Берік Қорқытов, қаламгерлер Шөпенғали Дәуенов, Абуғали Ғабдуллин,  Нұралы Әжіғалиев, Төлеген Жаңабай, Өтепберген Әлімгереев және т.б қаламгерлердің фотосуреттері мен туындылары және редакцияның әр жылдардағы ұжымдық, қызмет барысындағы   фотосуреттері, барлығы 111 жәдігерлер қойылды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru