Қоржындар көрмесі

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 13 қаңтар мен 22 қаңтар аралығында қазақтың ұлттық  құндылықтарын  дәріптеу мақсатында музей қоры негізінде «Ұлттық қолөнер тәрбие көзі» тақырыбында уақытша көрме қойылды.

Көрмеде қазақ халқының тоқыма бұйымдарының озық үлгісін көрсететін 20-ға жуық қоржындар мен кермелер ілінді. Осы экспозиция  арқылы халқымыздың дәстүрлі тоқу мәдениетінің алуан түрлілігі көрсетіліп, жәдігерлердің жасалу материалдары мен техникасы, олардың қолданыс аясы, шаруашылық, тұрмыстық функциялары туралы мәліметтер берілді.

 Көрмеде жүннен, киізден, түкті кілемнен жасалған қоржын түрлері мен әр пішіндегі кермелер ұсынылды. Солардың бірі 1999 жылы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратқа көшу салтанатына орай бұрынғы Астана қаласының әкімі Тасмағамбетов Иманғали Нұрғалиұлының сыйға берген қоржыны да бар. Бұл қоржын жүннен жасалып, түксіз етіп тоқылған. Пішіні төртбұрышты формада жасалып, қызыл-қоңыр түсті, беті өрнектелген және етегі шашақталған.

Осындай түкті кілем тоқу әдісімен тоқылған қоржынды Атырау қаласы, Қосшағыл поселкесінің тұрғыны зейнеткер қолөнер шебері Тағанова Жаңылсын өз қолымен жасаған. Қоржынды 1978 жылы музей қорына тапсырған. Қоржынның беті түкті, иірілген жүннен тоқылған қызыл түсті және ромбик тәрізді өрнектері бар.

Көрмеге қойылған тағы бір қоржынның түрі бұл –құда қоржын. Бұл қоржынды қолөнер шебері Жамамбаева Әзима 1990 жылы жүз теру тәсілімен жасап,  бетіне қызыл, жасыл, көк, сары жіптерден жүз теру өрнегімен тоқыған. Екі қалталы, ортасынан байлайтын жібі бар. Қоржын 2007 жылы музей қорын этнографиялық жәдігерлерге толықтыру мақсатында алынған.

Тағы бір қоржын 1931 жылы ашаршылық кезінде Қарақалпақстанға жер аударылып кеткен қазақтың қолөнер шебері Балкүнше Құрманқызының туындысы. Бұл бұйымды күні бүгінге дейін немересі Құлмышев Сәндібай әжесінің тоқыған бұйымын ұзақ жылдар сақтап келген. Бұл көненің көзін 2017 жылы музей қорына тапсырды.

Аталмыш көрмеге бірер кермелер де қойылды. Оның бірін Атырау қаласының тұрғыны Нақов Ақылберді 1990 жылы Түркіменстан, Ауғанстан, Монғолия елдерінен көшіп келген қазақ халықтарының және Маңғыстаулықтардан коллекция ретінде жинақтап сақтап келген. Керме түкті  кілем тоқу тәсілімен және тықыр техникасын пайдалана отырып тоқылып, тігілген. Беті қызыл, қара қоңыр, сарғыш  түсті жіппен тоқылып, астары ақшыл жүн жіппен әсемдеген. Кермені 2019 жылы музей қорына тапсырған.

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru