2023 жылдың 20 қаңтар күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлер қоры «Асыл домбырамен" толықты.
2022 жылы Алатау баурайындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында "Хабар" Агенттігі " және «Assyltas» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Асыл домбыра – 2022» ақындар айтысы өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 17 облыс пен 3 қаладан сөз бәйгесінде бас қосқан азулы ақындардың арасында атыраулық ақындар да болып, аймақ абыройын қорғаған ақындарымыз республикалық айтыстың финалына өтіп, аламанда үздіктер қатарынан көрінді.
Өнер сайысы барысында Астана, Ақмола, Қызылорда ақындарынан басым болып, шешуші сында Жамбыл облысының өнерпаздарымен теңдей өнер көрсеткен атыраулық команда тобында Шынарбек Қабиев, Сырымбек Сәрсембаев, Шалқарбай Ізбасаров сынды ақындарымыз болды. Өнерде өрден көрінген өнерпаздарымыз иеленген «Асыл домбыраны» Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы тапсыру үшін «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Берік Уәли, «Assyltas» қоғамдық қорының Дулат Тастекеев, Қазақтан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, ақын Шұғайып Сезімхандар келді.
Салтанатты шарада Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев сөз алып, «Асыл домбыраны» табыстауға келген қонақтарға шынайы ризашылығын білдіріп, топ жарған ақындарға шығармашылық табыс тіледі. Қадірлі қонақтардың ақындарға айтылған ақжарма тілектерінен соң, ақын Ақберен Елгезек «Асыл домбыраны» Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұқамбетқали Кипиевке табыстады. Аламанда алда көрінген ақындар «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының және «Assyltas» қоғамдық қорының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Шара соңында қонақтар музейіміздің экспозициялық залдарын аралады.