Биыл – Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл. Осы атаулы датаға орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 2022 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында Атырау облысының Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Индер, Қызылқоға, Мақат, Жылыой аудандарында ұлтымыздан шыққан тұңғыш ұшқыш қаһарман қызының қан майдандағы ерлігі мен өмір деректерінен сыр шертетін «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме өткізілді.
Бұл көрмеде негізінен неміс басқыншыларымен соғысқан сұрапыл жылдары көкте қырандай қалықтап, жаумен шайқаста әуеге 300-ден астам мәрте көтерілген штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ерен ерлігі насихатталып, оның қайсарлық пен төзімге толы өмір жолынан толымды мәліметтер беріледі. Арнайы жасалған экспозициялық қабырғаларда «Қанатты қыздың» жеке және отбасы мүшелерімен, тума-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен суреттері, майдан хаттары, еңбек еткен жылдарында иеленген марапат қағаздары көрермен назарына ұсынылады. Осымен қоса, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың батыр қызға жазған үшбу хаты мен қаһарман тұлға туралы жазылған мақалалар топтамасы ілініп, қазақтың қайсар қызы қан майданда пайдаланған құрылғылар мен бейбіт өмірде тұтынған жеке заттары көшпелі көрмеде қойылды.
Аталмыш көрмеде сондай-ақ, неміс-фашист басқыншыларымен болған күресте ерлік көрсеткен мұнайлы өңірдің перзенттері, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Иван Махориндер және «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Сақып Қызылов, Гаврийл Шаминдер туралы деректер берілді. Тағы бір экспозицияда «Шығыстың қос жұлдызы» Әлия Молдағулова, Маншук Маметова жөнінде мәліметтер және олардың мектеп, майдан кезіндегі суреттері қойылды. Сонымен бірге, соғыс жылдары Атырау өңірінде майданға пулемет, миномет, атқыштар взводы командирлерін дайындап жіберіп отырған Гурьев жаяу әскер училищесі мен сын сағатта үздіксіз қызмет еткен әскери госпиталь туралы тарихи деректер мен фотосуреттер, Ұлы Жеңіс шеруіне қатынасушы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің тұлғалық бейнелерін айшықтайтын мәліметтер ұсынылды.
Көрермендер көрмеден соғыс жылдары пайдаланылған әскери киімдер, жауынгер құралдары мен майдан шебінде қолданыста болған радио, телефон, тылдан жіберілген қолғап-шұлықтар үлгілерін т.б. заттай бұйымдарды тамашалады.