2022 жылдың 8 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жасаған жұмыс сапарында Абай атындағы орталықтың жұмысымен танысты. Осы орталықта Президент Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған белгілі тұлғалардың домбырыларынан жасақталған көшпелі көрмені тамашалады.
Бұл көрмеге Абай Құнанбайұлы, Дина Нұрпейісова, Махамбет Өтемісұлы сынды тарихи тұлғалардың, ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбектің, композитор Ілия Жақановтың, белгілі күйшілер Нұрғиса Тілендиевтің, Рысбай Ғабдиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Әзидолла Есқалиевтің, Әсима Ізмұхамбетованың, Айгүл Үлкенбаеваның және басқа да өнер қайраткерлерінің жалпы есеппен 30-дан астам домбыралары қойылды. Мемлекет басшысына аталмыш ұлттық аспаптар туралы толымды түсіндірмені Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған «Жас экскурсоводтар» клубының мүшелері Ерасыл Мұхитов пен Диана Әділова және музей экскурсоводы Ғалия Назарбекова жүргізді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы көрмені аралау барысында жазушы Ақселеу Сейдімбековтың домбырасын қолына алып, көрмені ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.