2022 жылдың 6 қыркүйек күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ журналистикасының қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған «Бай, қуатты болайық!» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.
«Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі,Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері,Қазақ ұлттық Өнер академиясының құрметті профессорыНұртілеу Иманғалиұлының қоғамдағы ролі мен атқарған елеулі еңбектерін жұртшылыққа насихаттауды мақсат еткен көрменің тұсаукесер лентасын Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, Қазақстанның Еңбек Ері, композиторИлья Жақанов, Нұртілеу Иманғалиұлының жұбайыҚарлығаш Табулдинова, рухани іні-досыАмантай Берғалиевтер қиды.
Көрмеге жиналғандарға ең алдымен «Атырау халқымен жүздесу» атты театрландырылған көрініс қойылып, онда Махамбет атындағы академиялық театр әртісі Нұртілеу Иманғалиұлының кейіпінде бейнесін сомдап, дауыс нақышын келтіріпөнерін көрсетті.
Осыдан соң, алғашқы сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қазақ телевизиясының тарланы болған журналистің жүріп өткен шығармашылық жолы телевизия саласыныңбарша жас буын мамандарына зор үлгі болып қала беретінін жеткізді.
– Нұртілеу Иманғалиұлы, көптеген көрнекті телебағдарламалардың, тележобалардың авторы болып, қазақ телевизиясына жаңашылдық алып келген азаматтардың бірі. Ол қазақтың салт-дәстүрін насихаттауда да орасан еңбек етті. Сондықтан осындай шараның Атырау топырағында ұйымдастырылуының да өзіндік заңдылығы бар, - деді өз сөзінде Жасұлан Орақұлы.
Келесі кезекте жалынды журналист жөніндегі жадында сақталған естеліктерімен«Қазақстан-Атырау» РТРК Атырау облысы филиалы директорының орынбасары Балауса Халелова бөлісті. Ол кезінде «Қазақстан-Атырау» телеарнасы ұсынған «Біздің кейіпкер» телебағдарламасында Нұртілеу Иманғалиұлымен жүргізген сұхбатының айшықты сәттерін толғаныспен еске алды.
Ал көп жыл бойы қызметтес інісі болған белгілі журналист Қанат Әуесбай талантты тұлғаның азаматтық және адами қасиеттерін саралап, Нұртілеу Иманғалиұлымен қызметтес болған кездерінен естеліктер айтты.
Осыдан соң,Нұртілеу Иманғалиұлының жары Қарлығаш Советханқызы ақжарма тілегін айтып, осы көрменің өтуіне қолдау білдірген облыс әкімдігі мен музей ұжымына ризашылығын білдірді.
Сонымен қоса, шара барысында Нұртілеу Иманғалиұлының үзеңгілес інісә әрі досы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Индер ауданының «Құрметті Азаматы» Амантай Берғалиев, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақанов, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиевтер өздерінің жүрекжарды ой-пікірлерін айтты.
Көшпелі көрмеге өңірдің зиялы қауым өкілдері, баспа және телевизия саласының ардагерлері, мәдениет саласының өкілдері және БАҚ қызметкерлері, студенттер қатысты.
Атырау қаласы тұрғындары мен қонақтарына 6-27 қыркүйек аралығында жайылатын көрмеде Нұртілеу Иманғалиұлының эфирге киген киімдері, фотоапараттары мен камералары, алған мемлекеттік және мерекелік наградалары, кітаптары мен қолсағаты, жеке қолжазбалары мен жұмыс үстеліндегі бұйымдары, қызметтік куәліктері мен жеке құжаттары, спорттық киімдері мен қолданған бұйымдары сынды 200-ге тарта жеке заттары көпшіліктің назарына қойылды.