Жамбыл музейі Атырауда

2020 жылдың 1 шілдесі күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің «ҰЛЫ ЖЫРАУДЫҢ АСЫЛ МҰРАСЫ» атты  жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.  

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің алаңында «1 шілде – Ұлттық домбыра» күніне орай өткізілген аталмыш шарада жиналған көпшілік алдымен «Дарын» өнер мектеп студиясы өнерпаздарының «Домбыра» биін нақышына келтіре орындауын тамашалады. Одан соң сөз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовке беріліп, ол аталмыш көрменің маңыздылығын айта келіп, Жамбыл жыраудың ұлттық өнермізге сіңірген еңбегін кеңінен баяндады. Келесі кезекте, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау  облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев ұлттық поэзиядағы Жамбыл ақынның салып кеткен сара жолын қазіргі жастар лайықты ұстанып келе жатқанын жеткізді. Осы себепті, Жамбыл жыры ғасырдан ғасырға жететінін сеніммен айтты. Ал, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп осынау жылжымалы көрмені тамашалау арқылы, Жайық бойының жұртшылығы Жамбылдың жалынды жырларының шығу тарихына мейлінше үңіліп, жыр алыбының қолданған заттарын етене тамашалауға мүмкіндік алатынын жеткізді. Аталмыш оқу орнының оқытушысы, Жамбыл Жабаевтың шығармашылық өмірін зерттеуші Айкүміс Қыдырбаева ақынның  тағылымды өмір жолының сан-қырлылығын айта келіп, жыраудың дүниетанымы әлі де мол зерттеуді қажет ететінін айтты.

Жиын барысында Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің басшысы Салтанат Жамбылова көрменің мақсаты туралы  баяндап,  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне естелік сыйлықтар табыстады. Облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысы Динара Бисембаева жылжымалы көрменің өңір мәдениетінің рухани жаңғыруына мол  үлес қосатынына сенім білдіріп, жылжымалы көрме басшылығына музей жәдігерлері туралы деректер жинақталған 5 томдық катологты табыстады.

Осыдан соң, жылжымалы көрменің тұсаукесер лентасы қиылып, бұл құрмет облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, қоғам қайраткері Мадина Ғабдісәлімова, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің басшысы Салтанат Жамбыловаларға ұсынылды.    

Музейдің көрме залынан орын алып,  Атырау қаласы тұрғындары мен  қонақтарына  1-3 шілде аралығында жайылған экспозицияда Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығынан мол мәлімет беретін  экспонаттар: ақынның өзі ұстаған домбырасы, ер-тұрманы, кісе белбеуі мен балдағы, Мәскеу қаласына сапар кезінде киген шапаны мен кебісі, өзі тұтынған құманы, жарсағаты, пышағы,  телефон аппараты, мемлекеттік марапаттары көпшіліктің назарына ұсынылды. Осымен қатар, мұнда елімізге белгілі суретшілердің  ақынды бейнелеген туындылары және жырау туралы жазылған кітаптар топтамасы көрініске қойылды.

Жыр алыбы Жамбылдың жеке тұтынған заттары жинақталған аталмыш көрменің ашылуына сондай-ақ, қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы   Нұрпейіс Мақашев, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бұрынғы редакторы, ардагер-журналист Любовь Монастырская, белгілі өлкетанушылар Өтепберген Әлімгерейұлы мен Төлеген Жаңабайлар қатынасты.

 

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru