Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 2022 жылдың 25-29 мамыр күндері Орал қаласында ұлтымыздан шыққан тұңғыш ұшқыш қаһарман қызының қан майдандағы ерлігі мен өмір деректерінен сыр шертетін «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме өткізді.
Орал қаласындағы Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейіде жасақталған көрменің салтанатты ашылуында Батыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының бас маманы Ақжол Рамазанов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, өлкетанушы, музей ардагері Сара Танабаевалар сөз алып, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз – Хиуаз Доспанова туралы тағылымды пікірлерін айта келе, мұнайлы өңірден шыққан қаһарман қыздың майдан төріндегі және бейбіт өмірдегі ерен ерліктері мен тұлғалық ерекшеліктеріне тоқталды.
Жұртшылық назарына қойылған көрменің маңызы мен құндылығын түсіндірген Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ерлан Тілекқабылов көрмені ұйымдастыруға атсалысып отырған Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейі ұжымына ризашылығын білдіріп, музейге Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері жинақталған 5 томдық каталогты сыйға тартты. Ал батысқазақстандықтар өз кезегінде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне Батыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының Алғыс хатын табыс етті.
Майдан алаңында қайталанбас ерлік жасаған батырларымыздың есімдерін насихаттауды көздеген шараға сондай-ақ облыстағы зиялы қауым өкілдері, Хиуаз Доспанованың құрбысы Ғарифа Мәжитқызының қызы Ольга Рамазановна, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы директоры Эльвира Амангалиева, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап кітапхана директоры Шолпан Уразаева, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, қаладағы мектептер, жоғары оқу орындары мен колледждің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Орал қаласының тұрғындары мен қонақтары тамашалаған аталмыш көрмеде негізінен неміс басқыншыларымен соғысқан сұрапыл жылдары көкте қырандай қалықтап, жаумен шайқаста әуеге 300-ден астам мәрте көтерілген штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ерен ерлігі насихатталып, оның қайсарлық пен төзімге толы өмір жолынан толымды мәліметтер берілді. Арнайы жасалған экспозициялық қабырғаларда «Қанатты қыздың»жеке және отбасы мүшелерімен, тума-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен суреттері, майдан хаттары, еңбек еткен жылдарында иеленген марапат қағаздары көрермен назарына ұсынылды.
Осымен қоса, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың батыр қызға жазған үшбу хаты мен қаһарман тұлға туралы жазылған мақалалар топтамасы ілініп, қазақтың қайсар қызы қан майданда пайдаланған құрылғылар мен бейбіт өмірде тұтынған жеке заттары көрініске қойылды.
Көшпелі көрмеде сондай-ақ, неміс-фашист басқыншыларымен болған күресте ерлік көрсеткен мұнайлы өңірдің перзенттері, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Иван Махориндер және «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Сақып Қызылов, Гаврийл Шаминдер туралы деректер берілді. Тағы бір экспозицияда «Шығыстың қос жұлдызы» Әлия Молдағулова, Маншук Маметова жөнінде мәліметтер және олардың мектеп, майдан кезіндегі суреттері қойылды.
Сонымен бірге, соғыс жылдары Атырау өңірінде майданға пулемет, миномет, атқыштар взводы командирлерін дайындап жіберіп отырғанГурьев жаяу әскер училищесі мен сын сағатта үздіксіз қызмет еткен әскери госпиталь туралы тарихи деректермен фотосуреттер, Ұлы Жеңіс шеруіне қатынасушы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің тұлғалық бейнелерін айшықтайтын мәліметтер ұсынылды.
Көрермендер көрмеден соғыс жылдары пайдаланылған әскери киімдер, жауынгер құралдары менмайдан шебінде қолданыста болған радио, телефон,тылдан жіберілген қолғап-шұлықтар үлгілерін т.б. заттай бұйымдарды тамашалай алды.