Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 2022 жылдың 18-22 мамыр күндері Ақтөбе қаласында ұлтымыздан шыққан тұңғыш ұшқыш қаһарман қызының қан майдандағы ерлігі мен өмір деректерінен сыр шертетін «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме өткізді.
Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде жасақталған көрменің салтанатты ашылуында Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұраны дамыту бөлімінің бас маманы Анайы Құрманова, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлер кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы Назира Табылдинова, «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы, музей ардагері Ғалымжан Байдербесовтер алғашқы болып сөз алып, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз – Хиуаз Доспанова туралы тағылымды пікірлерін айта келе, мұнайлы өңірден шыққан қаһарман қыздың майдан төріндегі және бейбіт өмірдегі ерен ерліктері мен тұлғалық ерекшеліктеріне тоқталды. Бұл шара батыстың үш батыр қызының бас біріктірген сәтіндей әсер бергенін айтты. Сол сәтте Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің әншісі Нұргүл Рамазанованың «Әлия – Мәншүк - Хиуаз» әнін орындауы осы айтылған пікірге дәлел болғандай болды.
Келесі кезекте өздерінің ақжарма тілектерін Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың нағашы туысы Сапар Молдағұлов, ауған соғысының ардагері, «Ер Бақыт» әскери патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев, Әлия музейінің бөлім меңгерушісі Әлия Ағниязова, Кеңес Одағының Батыры Малкеджар Бөкенбаев атындағы заң институтының кафедра бастығының орынбасары Руслан Избасов, Ақтөбе қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы №14 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жанна Сагизбаевалар білдірді.
Жұртшылық назарына қойылған көрменің маңызы мен құндылығын түсіндірген Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Бисембаева көрмені ұйымдастыруға атсалысып отырған Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі ұжымына ризашылығын білдіріп, музейге Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері жинақталған 5 томдық каталогты сыйға тартты. Ал ақтөбеліктер өз кезегінде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне Ақтөбе облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатын табыс етті.
Майдан алаңында қайталанбас ерлік жасаған батырларымыздың есімдерін насихаттауды көздеген шараға сондай-ақ облыстағы зиялы қауым өкілдері, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, үкіметтік емес ұйым төрағалары, № 14 Хиуаз Доспанова атындағы орта мектебінің ұстаздары, қаламыздағы мектептер, жоғары оқу орындары мен колледждің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтары тамашалаған аталмыш көрмеде негізінен неміс басқыншыларымен соғысқан сұрапыл жылдары көкте қырандай қалықтап, жаумен шайқаста әуеге 300-ден астам мәрте көтерілген штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ерен ерлігі насихатталып, оның қайсарлық пен төзімге толы өмір жолынан толымды мәліметтер берілді. Арнайы жасалған экспозициялық қабырғаларда «Қанатты қыздың»жеке және отбасы мүшелерімен, тума-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен суреттері, майдан хаттары, еңбек еткен жылдарында иеленген марапат қағаздары көрермен назарына ұсынылды. Осымен қоса, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың батыр қызға жазған үшбу хаты мен қаһарман тұлға туралы жазылған мақалалар топтама сы ілініп, қазақтың қайсар қызы қан майданда пайдаланған құрылғылар мен бейбіт өмірде тұтынған жеке заттары көрініске қойылды.
Көшпелі көрмеде сондай-ақ, неміс-фашист басқыншыларымен болған күресте ерлік көрсеткен мұнайлы өңірдің перзенттері, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Иван Махориндер және «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Сақып Қызылов, Гаврийл Шаминдер туралы деректер берілді. Тағы бір экспозицияда «Шығыстың қос жұлдызы» Әлия Молдағулова, Маншук Маметова жөнінде мәліметтер және олардың мектеп, майдан кезіндегісуреттері қойылды. Сонымен бірге, соғыс жылдары Атырау өңірінде майданға пулемет, миномет, атқыштар взводы командирлерін дайындап жіберіп отырған Гурьев жаяу әскер училищесі мен сын сағатта үздіксіз қызмет еткен әскери госпиталь туралы тарихи деректермен фотосуреттер, Ұлы Жеңіс шеруіне қатынасушы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің тұлғалық бейнелерін айшықтайтын мәліметтер ұсынылды.
Көрермендер көрмеден соғыс жылдары пайдаланылған әскери киімдер, жауынгер құралдары менмайдан шебінде қолданыста болған радио, телефон,тылдан жіберілген қолғап-шұлықтар үлгілерін т.б. заттай бұйымдарды тамашалай алды.