Оқушылар ертегі айтудан сайысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 8-10 жас аралығындағы балаларға арналған «Ертегілер елінде» атты ертегі айту сайысын өткізді. Қазақтың халық ертегілерін нақышына келтіріп айту жарысына Атырау қаласындағы мектептердің және Махамбет ауданы Таңдай ауылдық мектебінің оқушылары қатысты.

Оқушыларды халық ауыз әдебиетіндегі ертегілермен сусындатып, осы арқылы олардың сөздік қоры мен қиялын дамытқан жарыс қорытындысында Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің оқушысы Ғибрат Есенғазы – «Ертегі әлемінің ханзадасы», Атырау қаласындағы №41 мектеп-гимназиясының оқушысы Әсел Махсот – «Ең сүйкімді ертекші», №36 мектеп оқушысы Іңкәр Елжан – «Ертегі әлемінің ханшайымы», №2 Жұмекен Нәжімеденов атындағы орта мектептің оқушысы Інжу Қуанышқызы – «Көркем сөйлеу шебері», №31 мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрайна Темірбек – «Ең зерек ертекші», Мақаш Бекмұхамедов атындағы орта мектептің оқушылары Гүлнұр Борис – «Ертегі әлемінің көзайымы», Әсемай Борис – «Ең кішкентай ертекші» аталымдарының иелері атанды.

«Ертегілер елінде» сайысының ІІІ дәрежелі дипломы Жұмекен Нәжімеденов атындағы орта мектептің оқушысы Сабыр Нысанбайға бұйырса, ІІ дәрежелі диплом №22 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің оқушысы Әдемі-ай Әлімге табысталды. Ал жарыстың негізгі І дәрежелі марапатын Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы 9 жастағы Данагүл Мұхит жеңіп алды.
Сайысқа Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Бисембаева, облыстық балалар кітапханасы басшысының орынбасары Айтолқын Қабиева, музейдің ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің маманы Светлана Нұрпейсовалар төрелік жасады.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru