«Күміс әшекейлі қыз» жәдігері оқушыларға таныстырылды

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Күміс әшекейлі қыз жасауы» атты танымдық сабақ өтті. Атырау қаласындағы № 3 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушылары қатысқан дәрісте 2020 жылы музей жанынан құрылған археологиялық экспедицияның қазба жұмыстарын жүргізу кезінде Қызылқоға ауданындағы Миялы(Жанкелді) қорғанынан табылған «Күміс әшекейлі қыз» жәдігері мен мүрдемен бірге жерленген жылқы басына салынған жүгеннің күміс әшекейлері туралы толымды мазмұнға ие таныстырылым болды.

Сабақ бес кезеңге бөлініп, «Мағұлұмат беру» бөлігінде оқушылар музейдің көрме залында жер қойнауынан табылған құнды жәдігердің ерекшеліктері мен зерттелу барысымен лед-экраннан көрсетілген слайдтар арқылы танысып, «Мен – саяхатшымын» бөлігінде «Археология» экспозициялық залында көрініске қойылған «Күміс қыз» жәдігеріне тиесілі әшекейлер мен жылқы жүгенінің күміс жапсырмаларын тікелей тамашалады. Осымен қоса жерленген адам қаңқасының қасынан табылған күміс сырға мен бойтұмар, темір қайшы мен пышақ сынығын көрді. Залды аралау барысында сабақ жүргізуші, музейдің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің тарихшы-археолог маманы Эльмира Ибрагимова өзге де жәдігерлер жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, «Мен-тарихшымын» кезеңінде көрген жәдігерлері туралы және аралау барысында айтылған мәліметтер турасында пысықтауға сұрақтары қойылып, жауаптар алынды. Ал, «Мен-реконструктормын» бөлігінде оқушылар екі топқа бөлініп, қиыққа бөлінген суреттерді құрастыруда «Кім жылдам?» екенін анықтаса, «Мен-археологпын» кезеңінде оқушылар топырақ астына көмілген құмыра сынықтарын қазып алу ойынын ойнады.
Дәріс соңында оқушылар музейдің өзге залдарын аралап, шәкірттердің жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Шынар Баданова музей ұжымына алғыс білдірді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru