Жыл басында бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес наурыз айында көрмелік жұмыстар бойынша жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми зерттеу секторының сектор жетекшісі А.Рамазанова «ХІІ-ХХ ғ.ғ өлке тарихы» залына экспозициялық көрмелік жұмыстар жүргізді. Көрменің тақырыптары мен залдың экспозициялық мазмұны өзгертілді.
Бұдан кейін бұл зал «ХҮІІ-ХХ ғ.ғ өлке тарихы» залы болып өзгертілді. Гурьев қаласының құрылу тарихынан бастап, Бөкей ордасы тарихы мен Жәңгірдің ел билеудегі саясаткерлігі мен білім ордаларын ашудағы жемісті еңбектерінен сыр шертер фотосуреттер, Сырым Датұлы бастаған көтеріліс туралы мәліметтер, Қазақ жауынгерлерінің қару-жарақ үлгілері, сондай-ақ осы кезеңді қамтитын қару түрлері, Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдері туралы зерттеу еңбектер мен фотосуреттерімен толықтырылды. Сондай-ақ белгілі ағартушы және қоғам қайраткері М.Бекмұхамбетов экспозициясы қазақ халқы үшін игі істер тындырған ұлтының адал перзентінің ордендерімен (көшірмелер) толықты. Бұл құнды жәдігерді Алматы қаласында тұратын шөбересі Екпін Бекмұхамедов музей қорына сыйға тартқан болатын.
Алаш Орда тарихында ойып тұрып орын алған қазақ зиялыларының арасында өлкемізден шыққан зиялы қауым өкілдері де аз болмаған. 1917 жылы желтоқсанның 13-де құрылған Орынборда өткен II жалпықазақ съезінде Алаш автономиясын құру және оның үкіметін сайлау болды. Алаш орда құрамына сайланған Б.Құлманов, Х.Досмұхамедов, У.Танашев болды. Сондай-ақ ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы өлкемізден шыққан білікті дәрігерлер Х.Шығаев, Ғ.Бердиев, М.Шолтыров сынды тұлғалардың тарихи құжаттары мен фотосуреттері орын алды.