19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік» күніне орай Құрманғазы аудандық музейі бөлімшесі «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» тақырыбында ұлттық ойындардан сайыс өткізді

Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасы аясында 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік» күніне орай Құрманғазы аудандық музейінің ұйымдастыруымен «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» тақырыбында мектеп оқушылары арасында ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды.

Сайысқа Құрманғазы аудандық білім бөліміне қарасты  Бауыржан Бегалиев орта мектебі және Мұхтар Әуезов орта мектебінің 9 сынып   оқушыларынан құралған  «Достық» және «Сұңқар» тобы қатынасты.

5 кезеңнен тұратын командалық сайыс барысында оқушылар  «Садақ ату», «Асық ату», «Күміс алу», «Ұршық иіру», «Көже пати» ойындары арқылы өзара жарысып, сынға түсті.

Ұлттық ойындар  Садақ ату ойынынан басталды. Аталмыш ойынды аудан ішінде насихаттап жүрген облысымызға  белгілі ағаш  шебері, «алтын сандық» шеберханасының иесі Жұмалиев Талғаттың өзі ойын алдында қатысушыларға ойын ережесімен таныстыра отырып, садақты қалай атады, қалай пайдаланатыны жөнінен шағын шеберлік сағатын көрсетіп, әр баланың қолын жаттықтырып алып, кейін ойынды ретімен  жүргізіп отырды. Бұл ойынның ерекшелігі нысанаға дәлдеп садақ жебесін тигізу арқылы ұпай санын жинау болса, осы нысанаға дәлдеп атудан «Сұңқар» тобы алға шығып алғашқы ойынды жеңіспен бастады.  Бұл садақ ату ойыны қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, екі топтың қатысушыларынан аталмыш ойын туралы  сұхбат алынып, өз ойларымен бөлісті.

Келесі ойналған өзіндік тарихы бар ойындардың  бірі - «күміс алу» ойыны.   Күміс алу ойынының негізгі тарихы жөнінен хабар беріліп,  бұл тарихи ойынның шарттары музей саласына сай өзгертіліп, өткізілді. Бұл ойын барысында музей  залының әр жеріне шүберекке оралып, кішкентай ақ қаптар тасталынған болатын. Ойын қызықты болу үшін сол  кішкене қаптардың ішінде күміс бұйымдармен қатар басқада заттар оралып жасырылған.  Ойынға қатысушы төрешінің белгісімен аяқтарына қап киіп секіріп, жолай жерде жатқан күмісті еңкейіп алу арқылы жинап, осылайша жинаған олжаларын санап, алған  қандай күміс бұйым екенін және оны не үшін қолданылғанын, сипаттамасын айтып таныстыруы керек. Қандай күміс бұйым екенін білмей қалса ұпай есептелінбейді. Осы орайда «Күміс алу» ойынында үлкен шеберлік пен асқан жылдамдық, ерекше ептілік көрсетіп, «Достық» тобы  5 күміс  жинап,  жинаған күміс бұйымдарға қысқаша сипаттама беріп өтті.

Қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі- «Асық ату» ойынында барлық асықтарды еден үстіне бір сызық бойына тізіп қойып,  қатысушы топ ойыншыларының ұл балдары кезекпен кезек асықты мергендікпен ату арқылы «Сұңқар» тобы тамаша ойын үрдісін көрсетіп, аса мергендікпен көзге түсіп  жеңімпаз атанды.

Қыздардың шеберлігі мен ұқыптылығын дәлелдейтін «Ұршық иіру»  сайысында да «Сұңқар» тобы суырылып алға шықса, «Достық» тобы «Көже пати»  сайысында алғашқы болып жеңіске жетті.

Осы аталған ойындармызды басынан бастап бақылап,  бағалаған әділқазы алқа мүшелері С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Анар Нүриқызы, Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Еркін Камокұлы, облысымызға танымал шебер «Алтын сандық» шеберханасының иесі, ауданда алғаш садақ ату ойынын ұйымдастырушы, жергілікті депутат Талғат Серікбайұлы сайыс соңында қорытындылап сайысқа белсенділікпен қатысқан барлық топ оқушылары музей әкімшілігі атынан «Алғыс хаттармен» марапатталса,  Ұлттық ойынды бағалаушы әділқазылар алқасының шешімімен сайыста  Әуезов мектебінің «Достық» тобының оқушылары  жоғары көрсеткіштерге ие  болып жеңімпаз атанып,  арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сайысқа барлығы -11 оқушы қатынасты.

Сайысты музей жанынан құрылған «Жас өлкетанушылар» клубының мүшелері: Абай мектебінің оқушылары Ахмет Айша, Ахмет Маншук және З.Серікқалиев орта мектебінің оқушылары Айтымбетова Айдина, Кеңесбайқызы Айкөркем, Сәрсенбаева Сарбиназ жүргізді. Бұл клубтың музеймен бірге атқарған алғашқы жұмысы. Клуб мүшелері жоғары деңгейде өте жауапкершілікпен  жүргізе білді. Клубтың мүшелері жүргізушілік қырларынан танылып, музей шарасымен танысты. Музей шарасын ұйымдастыруға, өткізуге белсене ат салысты.

Ептілікті, өжеттілікті, батылдылықты, шапшаңдықты, тапқырлықты, табандылықты, байсалдылықты, мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш қуат молдығын, білек күшін қажет ететін қазақтың ұлттық ойындары халқымыздың денсаулығын нығайтуға, адамның икемді де епті, күшті де төзімді болып өсіп жетілуіне  зор пайдасын тигізетініне сеніміміз мол.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru