Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі 2021 жылдың 1 наурыз күні елімізде 5 жылдан бері тойланып келе жатырған "Алғыс айту күніне" орай қайырымдылық шарасы өткізді.
Қайырымдылық шара барысында тағдыр тәлкегімен жігері жасып, сағы сынған жас аналардың еңсесін жазып, қайтадан аяқтарына тұруына жағдай жасап отырған Аналар үйіндегі бүлдіршіндердің тұсауын кесу және бесікке салу рәсімі жасалды.
Ата-бабадан әулетке, рудан-руға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатырған ұлттық құрылым ерекше сал-дәстүрімізге сай бүлдіршіннің азан шақырып есімін қою рәсімі «Иманғали» орталық мешітінің найб имамы Исаев Арман Әділбекұлына, бесікке салу рәсімі облысымызға танымал он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері, музей жанынан құрылған «Алтын оймақ» қолөнер үйірмесінің мүшесі Сүйесінова Рая Аяшқызына табысталды.
Ал, сәбилердің өмір сапарлары сәтті, қадамдары оң болсын деген ниетпен бүлдіршіндердің тұсауын кесу рәсімі шараның құрметті қонақтары «ҚР Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі», «Еңбек ардагері» Төлеген Жаңабайұлы мен Қоғам қайраткері, Халықаралық журналист, филиология ғылымдарының кандидаты, «Атырау» телеарнасының директоры Қанат Әуесбайұлына жолданды.
Тұсау кесу рәсімінен соң Төлеген Жаңабайұлы бүлдіршіндерге арнайы өлең оқып, өз қолтаңбасы бар кітапты сыйға тартса, өз кезегінде сөз алған Қанат Әуесбайұлы шараны ұйымдастырушы музей ұжымына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Рая Аяшқызы өзі бесікке салған бүлдіршінге арнайы дайындаған құрақ көрпесін табыстады.
Сонымен қатар шарада Дина Нұрпейісова атындағы ұлт аспаптар оркестрінің әншісі Жұлдыз Сүндетқалиева мен күйшісі Жәнібек Жамиев және Құрманғазы мәдениет сарайының әншісі Гүлмира Жұмабаева қазақтың ұлттық күйлері мен бүлдіршіндерге арналған әдемі әндерін нақышына келтіре орындап, қонақтарға тамаша көңіл күй сыйлады.
Шараның өз деңгейінде өтуіне ат салысқан барша қонақтарға музей ұжымы атынан шын жүректен Алғыс білдіреміз!