Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі мен «Atyraý» телеарнасының бірлескен жобасы «Атырау квест» бағдарламасы жаңа маусымда жаңа қатысушылармен көрермен назарына 2020 жылдың 4 қыркүйегінен бастап ұсынылып, ағымдағы жылдың 18 мамыр – халықаралық музей түніне дейін жоспарланып отыр.
«Атырау квест» бағдарламасының жаңа маусымына Атырау қаласына қарасты 7 ауылдық округ пен облысқа тиесілі 7 ауданнан құралған барлығы 14 команда қатысты.
Қыркүйек пен қаңтар айының аралығында өткізілген «Атырау квест» интелектуалды ойынының алғашқы іріктеу кезеңіне «Ақсай», «Кеңөзек», «Еркінқала», «Қайыршақты», «Атырау», «Алмалы», «Дамбы» ауылдық округтерінің жастарынан құралған командалары қатысып, олар «Ақ қайың», «Мекен» табиғат аясындағы демалыс орындарында, В.Розметов агроөнеркәсібінде, «Жастар» саябағында өткізілген спорттық әрі интеллектуалдық бағыттағы квест тапсырмаларын орындап шықса, облысқа тиесілі Махамбет, Қызылқоға, Мақат, Исатай, Жылыой, Индер, Құрманғазы аудандарының жастарынан құралған командалар өз аудандарында орналасқан тарихи-өлкетану музейлерінде тарихи-танымдық бағыттағы квест тапсырмаларын орындады.
13 қаңтар күні «Атырау квест» бағдарламасының І-ші кезеңінің қорытындысы «ZOOM» бейнебайланыс платформасы арқылы өтті.
Бағдарлама редакторы әрі жүргізушісі – Ақсана Жұмабаева бағдарламаны жүргізіп, әрмен қарай музей тарапынан ұйымдастырушы Динара Бисембаева әр команданың ойынына жеке-жеке тоқталып, сараптап өтті.
Ал іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша нәтижені музей басшысы Рашида Харипова алдымен іріктеу кезеңінен өте алмаған командаларға Ақсай ауылдық округінің атынан қатысқан «Ақсай жастары», Кеңөзек ауылдық округінің жастарынан құралған «Кеңөзек жастары», Еркінқала ауылдық округінің жастарынан құралған «Наркескен», Алмалы ауылдық округінің жастарынан құралған «Жалын», Қызылқоға ауданының жастарынан құралған «Қызылқоға жастары», Жылыой ауданының жастарынан құралған «Жылыой жастары» командасына музей және телеарна тарапынан Алғыс хаттармен марапаттап, 14 команда ішінен келесі кезеңге жолдама алған 8 командаларға Қайыршақты ауылдық округінің жастарынан құралған «Томарлы», Индер ауданының жастарынан құралған «Индер жастары», Атырау ауылдық округінің жастарынан құралған «Үш найза», Дамбы ауылдық округінің жастарынан құралған «Өнер», Махамбет ауданының жастарынан құралған «Жұмыр қылыш», Мақат ауданының жастарынан құралған «Тас кешу», Исатай ауданының жастарынан құралған «Ағатай», Құрманғазы ауданының жастарынан құралған «Сарыарқа» командаларына сәттілік тілеп, ширек финал Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде өтетіндігін хабарлады.
«ZOOM» бейнебайланыс платформасы арқылы өткізілген «Атырау квест» бағдарламасына бағдарлама редакторы әрі жүргізушісі – А.Жұмабаева, бағдарлама ұйымдастырушысы Д.Бисембаева, музей басшысы Р.Харипова және 14 команда мүшелері, барлығы 45 адам қатынасты.