Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйек айының 28-і күні «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында атап өткен тарихи құндылықтарды насихаттау мақсатында Қазірет қонған қасиетті Түркістан қаласында бой көтерген «Ұлы Дала Елі» орталығында болды.
Бірінші қабатқа Түркістан қаласы түркі халқының рухани астанасы болғандықтан түбі бір түркі халықтарының баға жетпес құндылығы, Күлтегін ескерткішінің үшінші көшірмесі қойылды.
Бұған дейін алғаш Күлтегін ескерткіші қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласындағы Евразия ұлттық университетіне, екіншісі Ұлттық музейге қойылған болатын.
Қазақ халқының қасиетті қара шаңырағы, киіз үй бейнесінде жасалған «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» залы Қазақстандағы метал өңдеу, игеру, даму кезеңдері мен жетістіктері туралы баяндайды. Залға Кентау өңірінің Тұрлан, Қарасай, Мырғалымсай кен орындарында өндірілетін рудалардың 22 түрі, Қарағанды өңірінде өндірілетін кеннің түрлерінің 20 түрі және Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы территориясындағы Ерте темір дәуіріне жататын Кент қонысына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған металлургиялық пештің макеті қойылды.
Пеш тастан қаланып, сазбен сыланған. Көріктің көмегімен пештің ішіне ауа жіберіліп, 1200 градустағы температурада металды балқыту арқылы кеннен темір қорытудың экспозициясы жасақталды. Бір ғажабы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, ұсталарымыз пайдаланған көрікті өндірісте әлі күнге еш өзгеріссіз қолданып келеді. Оның дәлелі ХІХ ғасырдағы көрік пен ұста құралдары.
Одан бөлек залдан қола дәуірінің пышағы, күмістен жасалған зергерлік бұйымдар (өңіржиек, шолпы, сырға, жүзік, белдік) мен қалыптарды тамашалауға болады.
«Атқа міну мәдениеті» залының 1-ші экспозициясына орталықтағы аса құнды жәдігердің бірі еліміздің Солтүстік Қазақстан аумағынан табылған жиырмасыншы ғасырдың таңғажайып жаңалығы (1980 жыл) б.з.д. ІV-ІІІ мыңжылдықтардың тарихи құндылығы Ботай жылқысының сүйек қаңқасының реконструкциясы қойылды.
Ал, 2-ші экспозициядан Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған б.з.д. VІ – ІІІ ғасырлармен мерзімделетін Берел жылқысының сән-салтанатымен жасалған реконструкциясын, 3-ші экспозициядан Қазақ халқы даналығындағы «Ер қаруы – бес қару» түрлерін, 1836-1838 жылдардағы Ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері, халық батыры Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлымен бірге осы көтеріліске қатынасқан батырлардың қаруларын қайраған қайрақ тасын, Кіші жүздің батыры Байбақты Қармысұлының (1823-1914) қамшысын және де ат әбзелдерінің түрлерін тамашалауға болады.
«Алтын адам» залына біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен 1999 жылы Аралтөбе қорғанынан және б.д.д VIII-VII ғасырларға тиесілі Елеке сазы қорымынан табылған алтын адамдардың реконструкциялары қойылды.
Болашақта бұл залға Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды облыстары бойынша табылған алтын адамдар экспозициясын қою жоспарланып отыр.
Одан бөлек залдағы витринадан аң стилінде жасалған ежелгі түркі елі әміршілерінің киімдерінің әшекейлерін тамашалауға болады. Бұл әшекейлерде жыртыш және жүйрік аңдар, олардың арпалысы мен қимылдары бейнеленген.
«Қазақстан – түркі әлемінің қара шаңырағы» залы ауданы жағынан ең үлкен зал. Залдың 38 метрлік қабырғасында Түркі халықтарының бай философиясы мен мифологиясы көрініс тапқан.
Зал экспозициясында бес қаруы сайланған қазақ батырлары, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, Түркілердің пайда болу тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» орын алады.
Залдағы проекциялық шоудың аумағы – 2000 ш.м. құрайтын көпфункционалды және озық технологиямен жасалған. Залдың ортасына «Нұр әлем» павильонын еске салатын сфера қойылған. Арнайы дайындалған контент сферамен үйлесіп, сценарий желісі бойынша қозғалып, көрермендерге түркілердің шығу тарихы, адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы проекциялық шоу көрсетеді.
Сонымен қатар бұл залдан тоғыз жолдың торабын тоғыстырып, Шығыс пен Батысты байланыстырған трансконтинентальды платформа «Ұлы Жібек Жолының» макетін тамашалап, Талхиз (Талғар) бен Тараз, Отырар, Түркістан және қазақ хандығының астанасы Сарайшық қаласының тарихын таныуға болады.
«Қазақ хандығы» залында Ұлы Дала тарихындағы Қазақ хандарының еліміздің халық болып қалыптасып, ұлт болып бірігуіндегі ролі баяндалса, «Ұлы Даланың ұлы есімдері» бейнеленген қабырғағадан тек қазақ халқы үшін емес, күллі түркі жұрты үшін еңбегі сіңген тарихи тұлғалар туралы ақпарат алуға болады.
Ал, «Елбасы» залының орталық бөлігінде ҚР географиялық картасы, ал жоғары бөлігінде түркі әлемін дамытуға сіңірген Елбасының алған марапаттары көрініс табады.
Орталыққа келушілер, Ұлы даланың тарихымен танысып қана қоймай, болашағына көз жүгірту үшін «Болашақ Қазақстан» залы да жасақталды. Залдан ақылды қала, жасыл экономика, болашақ энергиясы, жасанды интеллект, қолжетімді медицина, инженерлік генетика, пилотсыз автокөліктер тақырыбымен танысуға болады.